TOP-2Геосаясат

Трамп Киевке зымырандарды қағып түсірер Patriot қаруының лицензиясын беруге уәде етті

Вашингтон Киевке әуе шабуылына қарсы қорғанысқа арналған Patriot жүйесінің тосқауылдаушы зымырандарын өндіруге лицензия беруі мүмкін. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу барысында мәлімдеді.

Анкарадағы НАТО саммитіне арнайы келген Зеленский үшін бұл мәселе негізгі басымдықтардың бірі болды. Әсіресе кейінгі кезде Ресейдің Украинаға жасаған жаппай әуе соққылары аясында Киев әуе қорғанысын күшейтуге ерекше мән беріп отыр.

«Біз сендерге Patriot зымырандарын өндіруге лицензия береміз. Бұл керемет емес пе? Осылайша біз жеткілікті көмек бермей жатырмыз деп шағымданбайсыңдар. Өздерің өндіріңдер», – деді Трамп Владимир Зеленскиймен бірлескен баспасөз мәслихатында.

АҚШ президенті әзірге бұл жөнінде Raytheon мен Lockheed Martin компанияларына хабарланбағанын айтты. Дегенмен оның пікірінше, бұл шешім өндірушілер тарапынан қолдау табады.

«Олар бұған қуанады деп сенемін», – деді Трамп.

Сонымен қатар ол Patriot жүйесін шабуылдаушы қарудан гөрі қорғаныс құралы ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Бұл – маған шабуылдаушы қарудан гөрі көбірек ұнайтын қорғаныс қаруы», – деді АҚШ президенті.

Трамп тағы да Ресей мен Украина арасындағы соғысты екі тарап та тезірек аяқтағысы келеді деген пікірін қайталады. Алайда оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин де, Украина президенті Владимир Зеленский де келіссөздерде «күрделі тұлғалар».

«Біз көптеген соғысты реттедік. Бұл ең оңайы болады деп ойлағанмын. Бірақ Путин – күрделі адам, мына жігіт те күрделі адам», – деді Трамп Зеленскийді меңзеп.

Сондай-ақ Трамп әзіл ретінде Зеленскийден Мәскеуге Путинмен келіссөзге баруға дайын екенін сұрады. Украина президенті оған Мәскеуде украиналық дрондарға байланысты қауіп жоғары екенін айтып, кездесу үшін Еуропадан орын таңдаған дұрыс болатынын жеткізді.

Patriot – Украинаның негізгі қорғаныс құралы

Patriot зениттік-зымыран кешені бүгінде Украинаның зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің негізі саналады. Ол Ресейдің баллистикалық зымырандарын қағып түсірудегі басты құрал ретінде қолданылып келеді. Соңғы бір аптада Украина Ресей тарапынан екі рет жаппай әуе шабуылына ұшырады. Шабуылдар барысында баллистикалық зымырандар да пайдаланылып, салдарынан 50-ге жуық адам қаза тапты.

Президент Владимир Зеленский Киевке қосымша Patriot жүйелері мен тосқауылдаушы зымырандардың аса қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген. Оның айтуынша, Украинада мұндай зымырандарды өз аумағында өндіруге қажетті техникалық мүмкіндік толық бар.

Өндіріс мүмкіндігі жеткіліксіз

Patriot кешеніне арналған зымырандарды америкалық Raytheon және Lockheed Martin компаниялары шығарады. Алайда оларға деген әлемдік сұраныс қазіргі өндірістік қуаттан әлдеқайда жоғары.

АҚШ-тың Center for Strategic and International Studies (CSIS) бағалауынша, Иранмен болған соғыс кезінде АҚШ өзінің Patriot тосқауылдаушы зымырандарының шамамен жарты қорын пайдаланған.

Зеленский бұған дейін, маусым айында, Францияда өткен G7 саммитінде Трамппен кездесуі кезінде Украинаға Patriot жүйесіне арналған баллистикалық зымырандарға лицензия беру мәселесін көтергенін айтқан еді.

Back to top button