TOP-2Білім

Төрт жылда төрт директор ауысқан: «Абай ұлттық мектебінде» не шу болып жатыр

Алматыдағы «Абай ұлттық мектебінің» айналасындағы кадр мәселесі қоғам назарын аударды. Мектеп түлектері жаңа оқу жылы тұрақты директорсыз басталғанын және соңғы төрт жылда басшының төрт рет ауысқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Ал Оқу-ағарту министрлігі мектепте директор міндетін атқарушы бар екенін мәлімдеп, бұған дейінгі аудит барысында 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталғанын хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.

«Бұл – қатардағы мектеп емес»

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық мектеп түлектері парақшасында елге белгілі Мәулен Әшімбаев, Дархан Қыдырәлі, Айдос Үкібай, Дулат Тастекей, Кеңес Дүйсекеев секілді азаматтар білім алған қарашаңырақ — «Абай ұлттық мектебі» бүгінде назардан тыс қалғаны туралы ақпарат жарияланған еді.

«Бұл – қатардағы мектеп емес. Қазақстандағы ұлттық мәртебесі бар жалғыз білім ордасы. Руханияттың қарашаңырағы атанған мектепке мемлекеттік деңгейде ерекше қамқорлық қажет еді. Өкінішке қарай, бүгінгі көрініс керісінше әсер қалдырады. Жаңа оқу жылы директорсыз басталды. Бұрынғы басшының кеткеніне екі айға жуық уақыт өтсе де, жаңа директор тағайындалмаған. Төрт орынбасардың да орны бос. Соңғы төрт жылда мектеп директоры төрт рет ауысқан. Мұндай тұрақсыздықтың себебі неде? Мектеп айналасында «министрлік өзіне жақын адамды басшылыққа әкелуге тырысып отыр» деген алаңдаушылық та айтылып жүр. Бұл – міндетті түрде тексеруді қажет ететін мәселе. Егер кадр тағайындау ұлттық мектептің мүддесінен емес, жеке ықпал мен таныстықтан туындаса, онда бұл – білім саласындағы ең соңғы жол беруге болатын нәрсе», – делінген хабарламада.

Өйткені «Абай» мектебі – бір шенеуніктің кадрлық эксперимент жасайтын орны емес. Бұл — талай тұлғаны түлеткен, руханияттың тамыры терең қарашаңырағы.

Оқу-ағарту министрлігі не дейді

«Абай ұлттық мектебіне» қатысты жарияланған материалдағы мәселелер Оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитеті  мәлімдеме таратып, жағдай бақылауда деп ақпарат таратты.

«Ең алдымен, мектеп басшысыз қалған жоқ. Қазір директордың міндетін атқарушы белгіленген, білім беру процесінің үздіксіздігі қамтамасыз етілді. Мектептің бұрынғы басшылығы 2026 жылғы мамыр-маусым айларында жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит аяқталғаннан кейін өз еркімен қызметтен кетті. Аудит 2023 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыды. Оның қорытындысы 9 шілдеде Министрліктің ресми ресурсында ашық жарияланды. Бұл ретте аудит қорытындысы бойынша 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталды. Оның ішінде 10,4 млрд теңге қаржылық бұзушылықтарға жатады. Атап айтқанда, 10,2 млн теңге бюджетке қайтарылуға, 10,4 млрд теңге қалпына келтірілуге тиіс. Сонымен бірге 370,6 млн теңге көлемінде рәсімдік бұзушылық анықталды», – дейді комитет басшысының міндетін атқарушы Жомарт Карамбаев.

Ол аудит нәтижесі бойынша құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін 4 материал жолданғанын атап өтеді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 айыппұл салуға қатысты құжаттар жіберілген. Нақты тұлғалардың кінәсі мен жауапкершілігі уәкілетті органдардың құзырында.

«Тұрақты директорды тағайындау мәселесі заң талаптарына байланысты қарастырылуда. Заңның 89-бабына сәйкес мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушылық лауазымдарға қабылдау тек конкурс арқылы жүзеге асырылады. Конкурсты өткізу тәртібін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган Үкімет аппаратымен келісіп бекітуге тиіс.  Қазіргі уақытта Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары Елнар Сабыр және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Гүлшат Мұхтарханова «Абай ұлттық мектебінде» жұмыс жүргізуде. Министрліктің өкілдері мектептегі оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылауда», – дейді ол.

Осыған байланысты комитет ата-аналарды, педагогтерді, оқушыларды және мектеп түлектерін ресми ақпаратқа сүйенуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырады.

Back to top button