Тоқаев вице-президент Қариннің өкілеттіктерін белгіледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттіктерін айқындайтын Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құжатқа сәйкес, вице-президент ішкі және сыртқы саясат саласындағы стратегиялық бастамаларды әзірлеп, оларды мемлекет басшысының қарауына ұсынады. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді.
Президент атынан өкілдік етеді
Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық іс-шараларға қатысады. Бұдан бөлек, ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарып, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді.
Жарлық бойынша вице-президент бірқатар консультативтік-кеңесші құрылымның жұмысын қамтамасыз етеді. Олардың қатарында мемлекеттік наградалар, азаматтық мәселелері, мемлекеттік символдар мен геральдика, шетелде кадр даярлау жөніндегі комиссиялар бар.
Сонымен бірге вице-президент әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы, Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссиялардың, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік органдарға тапсырма бере алады
Белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін вице-президентке өкім шығару және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық әрі жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беру құқығы берілді.
Ол Құрылтайдың, Үкіметтің, Қазақстан Халық Кеңесінің және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатыса алады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпараттарды, құжаттарды және өзге де материалдарды сұратуға құқылы.
Бұдан бөлек, вице-президент өз құзыретіндегі мәселелерді шешу және Президент актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құра алады.
Вице-президенттің қызметін ұйымдық-құқықтық және ақпараттық-талдамалық тұрғыдан Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді. Үкіметке, Президент Әкімшілігі мен Президент Іс басқармасына Жарлықтан туындайтын тиісті шараларды қабылдау тапсырылды.
Құжат қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізілді.