Жаңалықтар

Тоқаев ТМД Волонтерлер форумының қатысушыларына үндеу жолдады

Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері волонтерлерінің алғашқы форумы басталды. Жиынға қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

ТМД волонтерлеріне арналған тұрақты алаң

Форум Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған. ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешіміне сәйкес, ол тәжірибе алмасуға, волонтерлік бастамаларды біріктіруге және Достастық елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған жыл сайынғы алаңға айналады.

Президенттің құттықтау сөзін форумның ашылу рәсімінде Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

Мемлекет басшысы форумның Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ жариялаған Халықаралық еріктілер жылында өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешуде волонтерлердің орасан зор рөл атқаратынын мойындаудың көрінісі болды.

«Осы форумды өткізу жөнінде бастама көтерген кезде Қазақстан ТМД аясында тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды біріктіруге арналған тұрақты алаң құруды мақсат етті. Біз үшін ынтымақтастық, мейірімділік пен жанашырлық секілді құндылықтарды орнықтырып, достық көпірлерін құруға ерекше назар аудару маңызды», – делінген Президент үндеуінде.

Ашылу рәсіміне БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы директоры Тойли Курбанов, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейітімов, волонтерлік ұйымдардың өкілдері және Достастық елдерінің делегациялары қатысты.

Волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы волонтерлік қызмет адами капиталды дамытуға, жауапты азаматтық ұстанымды нығайтуға және жаңа қоғамдық әдепті қалыптастыруға ықпал етеді.

Президент 1 шілдеде күшіне енген Жаңа Конституцияда еліміздің тарихында алғаш рет волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілгенін еске салды.

Мемлекет басшысы жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысын волонтерлік қызметтің жарқын мысалдарының бірі ретінде атады. Бұл бастама аз уақыт ішінде көптеген азаматты, әсіресе белсенді жастарды біріктірді.

«Жалпы, Еріктілер жылы аясында мыңдаған іс-шара өткізілді. Елдегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады», – деді Тоқаев.

Президент форумның гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға, елдер арасындағы адами байланысты, сенім мен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Ол Достастықты жасампаздық пен прогресс, бірлік пен өзара түсіністік кеңістігіне айналдыруды басты мақсат ретінде атады.

Екі күнге созылатын форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат қатысып жатыр. Бағдарлама аясында панельдік сессиялар, тақырыптық пікірталастар және табысты волонтерлік тәжірибелердің таныстырылымдары өтеді.

Сондай-ақ қатысушылар экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, жастар волонтерлігі салаларындағы бірлескен бастамаларды талқылайды.

Back to top button