TOP-1ПікірСараптама

Тоқаев тек мәлімдеме жасаған жоқ, дипломатиялық қадам жасады – саясаттанушы

Саясаттанушы Тоқаевтың Путинге ұсынысы жөнінде пікір білдірді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты уақытша доғаруды ұсынуы әлемдік медиада қызу талқыланып жатыр. Омбыда айтылған әңгіме БАҚ-тардың басты тақырыбына айналып, сарапшылардың сан-саққа жүгірткен пікіріне арқау болды. Tizgin.kz порталы осы ретте белгілі саясаттанушы Жанат Момынқұловқа хабарласып, пікірін сұрап көрді.

 Бұл – тек Қазақстанның ұстанымы емес

Саясаттанушы Жанат Момынқұлов Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін дәл уақытында айтылған мәлімдеме деп атады. Сөзінше, одан бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский де «бізге бітім керек» деген.

«Бұл да сол уақытта айтылып тұр. Тоқаев бір апта бұрын ғана Қытайдан келгенін ескеруіміз керек. Ол жерде қандай әңгіме болғанын білмейміз. Тоқаевтың бұлай айтуы – тек Қазақстанның ғана позициясы емес, қазір халықаралық деңгейде талқыланып жатқан шешуші сценарийлердің бірі», – дейді саясаттанушы.

Жанат Момынқұловтың сөзінше, Қазақстан президенті компромистік формуланы, реалистік сценарийді тілге тиек еткен. Сарапшы Ыстанбұл келісімдері бойынша Украинаның статусы, қауіпсіздік гарантиясы мен майдандағы түйісу нүктесі (майдан түйіскен жерде тоқтау) талқыланғанын еске салды.

«Ал Қытай үшін көлік-логистикалық тасымал жолдарының тұрақтылығы өте маңызды. Сол себепті Қытай да осы қақтығысты уақытша доғару жағын жақтайтын көзқарас танытуы мүмкін. Ал Қазақстанның мүддесі соған сай болуы ықтимал. Өйткені Қазақстанның Қытайдың мүддесін ескермей ондай әңгіме айтуы күрделі деп ойлаймын», – дейді ол.

«Әңгіме келісілген» деген нұсқа неге «ұйқаспай» тұр

Сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыдағы кездесуде дипломатиялық шеберлігін көрсете алды деп санайды. «Ұсынамын» деген жоқ «ұсыныс бар» деді. Екінші жағынан қарасаңыз, бұл сөзі Ыстанбұл форматына сілтеме жасап тұр. Бұл – екі тарап үшін де таныс формула. Момынқұловтың сөзінше, Тоқаев осы ұсынысы арқылы Ыстанбұл-2 формуласымен Ресейге “соғысты тоқтат” деген алғашқы орта күш болғанын әрі Украина қақтығысын уақытша доғару идеясын халықаралық ақпараттық алаңда талқыланып заңдастырылуына мұрындық болғанын атап өтеді.

«Тоқаев ешкімді кінәлап тұрған жоқ. Халықаралық деңгейдегі осы мәселенің талқысын заңдастырды. Әлемдік медиада талқыланған бұл әңгіме Зеленсийдің де ойымен үндес. Тоқаевтың “мемлекетаралық қақтығыс” деуі бүкіл Батыспен соғысып жатырмыз деген Ресейдің намысына дөп тиді. Путин болса аса бір реакция білдірмегендей кейіппен тыңдап отырды. Ол басқа тұлғалардан өткір мәлімдемені қабылдамайды.

Бұл жерде әңгіме «алдын ала талқыланған, келісілген» деген сияқты нұсқаны да айтып жатыр. Бірақ Путиннің баспасөз хатшысы Песков осы мәлімдемеден кейін «уақытша доғару әзірге мүмкін емес» дегендей пікір айтты. Демек, бұл жерде Қазақстанның мүддесі бар. Себебі КҚК танкерлеріне шабуыл Қазақстанды да ойландырып, біз үшін проблема бола бастады. Сол мүдде тұрғысынан Тоқаев батылырақ айтты ма деп тұспалдаймын. Демек, «бұл әңгіме келісілген» дейін десек, Қазақстан мен Ресейдің мүддесі тура осы мәселеде түйіспей тұрған сыңайлы. Үшінші нұсқа: Қазақстан президентінің аузынан осы әңгіменің шығуы – реакцияның жұмсақ болуын қамтамасыз етуі мүмкін немесе шабуылдардың көбеюімен бірге өзекті болуы ықтимал», – дейді ол.

Жанат Момынқұлов бұл соғыс Ресей мен Украинаның ғана емес, жаһандық логистикаға да ауыр әсер етіп жатқанын атап өтті. Өткен жолы дрондар Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге тиді. Қазақстаның СІМ-і мәлімдеме таратты. Каспийдің айналасы барған сайын қиындап барады. Сол себепті Қазақстанның да қақтығыстың аяқталуына мүдделі ұстанымы күшейе түскен.

Украина Қазақстанның бейтарап ұстанымын құрметтейді

«Қоғамның реакциясына келер болсақ, медиа мен желіде айтылған әңгіме белсенді талқыланып, қазақстандықтар Тоқаевты қолдап жатыр. Ақылды дипломат, ұлттық мүддені қорғап жатыр деген жылы пікірлер бар. Украинаға келер болсақ, пікір ол жақта екіге жарылуы мүмкін. Бірі критикалық, яғни сыни жағынан қарайды. «Ресейдің мүддесі үшін айтылады, Украинаның тәуелсіздігіне қатер» дегендей шетін пікірлер айтылады. Ал прагматикалық тұрғыда ойлайтындар жағдайды түсініп отыр. Халық ол жақта соғыстан шаршаған. Қазақстанның бейтарап ұстанымын да олар құрметтейді», – дейді ол.

Саясаттанушы егер осы әңгіме Тоқаевтың өзінің дербес мәлімдемесі болса, онда оны шынында да, үлкен мәлімдеме деп есептейді.

«Тоқаев бұл жолы тек мәлімдеме жасаған жоқ, дипломатиялық қадам жасады. Бұл – Қазақстанның делдал ретінде ұстанымын күшейтеді. Қазақстан екі жақтың текетіресінде бір жақты жақтағысы келмей, қос тараптың келісе алуының, бітім жасасуының, шешімінің бір бөлігі болғысы келеді», – дейді Жанат Момынқұлов.

Сарапшы Қазақстан осы мәлімдеме арқылы көптеген күштердің назарын өзіне аудартып отыр деп санайды. Сирия қақтығысында Астана әлем назарын өзіне бір аударса, енді Украинадағы соғысты реттеуде үлесін қосқалы отыр. Сондықтан алдағы кезеңде қақтығысты уақытша доғарудың шарттары талқылануы мүмкін.

 Тоқаев Путинге не деді

Еске сала кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Ресей президентімен кездесу кезінде Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуды ұсынған еді.

«Мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, болып жатқан жағдай қарсыластарға тиімді және оларды қуантпауы мүмкін емес. Ресейдің де, Украина мемлекетінің де» – деді ол.

Қазақстан президенді өзіне Еуропа мен АҚШ-тан Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты көп белгі түсіп жатқанын айтты. Ол сонымен бірге “бұл қақтығыстың табиғаты көп адамға түсініксіз, оның ішінде бізге де” деді.

Back to top button