Тоқаев Шанхайда жасанды интеллектінің болашағы туралы маңызды ұсыныс жасады
БҰҰ деректеріне сүйенсек, жасанды интеллектке салынатын инвестициялар жыл сайын 47 пайызға өсіп жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияның (WAIC) ашылу рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мемлекет басшысы форумның «Жасанды интеллект – игілік үшін, баршаға арналған жасанды интеллект» тұжырымдамасын қолдап, технологиялардың дамуы бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс екенін айтты.
Президент Қытайдың жасанды интеллект саласындағы жетістіктеріне тоқталып, бүгінде әлемдегі жасанды интеллект зерттеушілерінің жартысынан астамы осы елде жұмыс істейтінін және бұл саладағы патенттердің ең көп саны Қытайға тиесілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын қалыптастыру идеясы ерекше маңызға ие.
Тоқаев БҰҰ деректеріне сүйене отырып, жасанды интеллектке салынатын инвестициялар жыл сайын 47 пайызға өсіп жатқанын, ал 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион АҚШ долларына жетуі мүмкін екенін айтты.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту жартылай өткізгіштер өндірісінен бастап, этика мен дербес деректерді қорғауға дейінгі барлық бағытты қамтитын кешенді тәсілді қажет ететінін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң, Цифрлық кодекс қабылданғанын, Digital Kazakhstan – 2029 стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын және биылғы жыл Жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салды.
Сонымен қатар, Президент жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізуді және оның Орталық Азия бойынша өңірлік өкілдігін Қазақстанда орналастыруды ұсынды.