Без рубрики

Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай күнімен құттықтауын Ақорда таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Құттықтауда не делінген

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алатынын атап өткен.

“Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым.

Биыл Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Бұл – шын мәнінде, ұзақ мерзімге арналған даму бағдарымызды айқындайтын ерекше кезең. Көп ұзамай ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз”, – делінген құттықтауда.

Президент сонымен бірше, бұл өзгерістердің түпкі мәні – жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу деді.

“Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз. Ұлы ақын халықтың болашағы үшін білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттер өте маңызды екенін ұғындырды, көрегендік танытып, жұртты бірлік пен келісімді сақтауға шақырды. Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз.

Ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісінде рухани азық болады деп сенемін. Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! Абай күні құтты болсын!” – делінген құттықтауда.

10 тамыз – Абай күні

Қазақстанда Абай күні 2020 жылдан бастап атап өтіледі. Сол жылы ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай Үкімет арнайы қаулы қабылдап, 10 тамызды ресми мерекелік күндер тізбесіне енгізді. Құжатқа 2020 жылғы 4 тамызда қол қойылды.

Бұл күннің белгіленуіне Абайдың туған күні негіз болды. Ұлы ақын 1845 жылы 10 тамызда қазіргі Абай облысының аумағында дүниеге келген. Абайдың 150 жылдық мерейтойы да 1995 жылы ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде аталып өткен еді.

Абай күнінің басты мақсаты – ақынның әдеби мұрасын, қара сөздері мен ағартушылық ойларын кеңінен насихаттау. Осыған байланысты жыл сайын 10 тамызда елімізде әдеби кештер, ғылыми конференциялар, көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Абай күні ресми мерекелік дата саналғанымен, демалыс күні болып есептелмейді.

Back to top button