Тоқаев: Қазақстан Еуропалық одақпен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын
Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік бүгінде бұрынғыдан да маңызды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына арналған авторлық мақаласында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің келесі кезеңін қалыптастыруға бағытталған үш негізгі стратегиялық мақсатты атап өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
2015 жылы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылғанына он жыл толғаннан кейін, Еуропалық одақ бүгінде Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып отыр.
Еуропаның мыңдаған компаниясы елімізде табысты жұмыс істеп, пайда тауып қана қоймай, Еуропаға да тиімділік әкелуде. Сонымен қатар, олар Қазақстан экономикасын жаңғыртуға және әртараптандыруға елеулі үлес қосып келеді.
Бұл – үлкен жетістік. Алайда әлем қарқынды өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде бұл жеткілікті ме? Меніңше, жоқ.
Мен Брюссельге айқын мақсатпен және нық сеніммен оралып отырмын: Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік бүгінде бұрынғыдан да маңызды, сондықтан оны одан әрі нығайту қажет
Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығы: екі тарап үшін үш негізгі стратегиялық мақсат
Атап айтқанда, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың келесі кезеңі екі тарап үшін үш негізгі стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге бағытталуы тиіс:
- орнықтылықты нығайту;
- барлық саладағы өзара байланыстарды кеңейту;
- азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.
Бұл – қажет, өйткені бұрынғы геосаяси алғышарттар енді өзектілігін жоғалтты. География мен күш факторы қайтадан алдыңғы орынға шықты.
Күшейіп келе жатқан бәсекелестік сауда, технология және инвестициялық ағындардың бағыттарын қарқынды түрде өзгертуде. Жаһандық жеткізу тізбектері қайтадан осал бола бастады. Сауда-экономикалық өзара тәуелділік барған сайын ұлттық қауіпсіздік мүдделерінің ықпалына түсуде.
Еуропаға жақсы мәлім болғандай, мұндай жағдайда мемлекеттер не бір-бірімен бәсекелес блоктарға бөлініп, оқшауланады, не өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген жаңа серіктестіктер құрады.
Қазақстан да мұны жақсы түсінеді: біздің географиялық орналасуымыз құрлықтардың тоғысқан тұсында болса, сыртқы саясатымыз оларды өзара байланыстыруға бағытталған.
Қазақстанның байланыстырушы рөлі экономикалық қуатымен барған сайын нығайып келеді
Бұл байланыстырушы рөл экономикалық қуатпен барған сайын бекемделіп келеді. 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 306 миллиард АҚШ долларына жетті.
Халықаралық валюта қорының World Economic Outlook болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі 360 миллиард АҚШ долларынан асады деп күтілуде. Экономикасы ауқымды әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан – Еуразияның дәл жүрегіндегі Еуропа үшін сенімді әрі қуатты серіктес.
Кез келген саяхатшы жақсы біледі: жол қаншалықты бұлыңғыр әрі белгісіз болса, сенімді серіктің құны соншалықты арта түседі.
Әлем барған сайын тұрақсыз әрі болжап білу қиын кеңістікке айналып жатқан шақта, Қазақстан мен Еуропа дәл осындай сенімді серіктер болып отыр. Халықаралық ынтымақтастыққа қатысты біздің теңгерімді, прагматикалық және сындарлы көзқарасымыз өзгеріссіз қалады.
Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына берік адалмыз. Қақтығыстарды диалог арқылы және бейбіт жолмен реттеуге басымдық беруді жалғастырамыз. Біз барлық мәселеде бір пікірде болмауымыз мүмкін, бірақ бір-бірімізді жақсы танимыз.
«Энергетикалық қауіпсіздік – өзара сеніміміздің айқын көрінісі»
Өзара тәуелділік орнықтылықты күшейтеді. Қысқа уақыт ішінде стратегиялық маңызға ие болған энергетика саласын алайық. Бүгінде Қазақстан Еуропалық Одаққа импортталатын мұнай мен мұнай өнімдерінің шамамен 13 пайызын және табиғи уран жеткізілімінің 16 пайызын қамтамасыз етеді.
Энергетикалық қауіпсіздік – өзара сеніміміздің, орнықтылықты нығайтудағы күш-жігеріміздің және әлем барған сайын тұрақсыз бола түскен жағдайда да өз міндеттемелерімізді орындау қабілетіміздің айқын дәлелі.
Неліктен дәл осындай тәсілді ауыл шаруашылығында қолданбасқа? Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлемде барған сайын маңызды стратегиялық мәселеге айналып келеді. Қазақстан әлемдегі астық өндіруші әрі экспорттаушы ірі елдердің бірі болып табылады және жеткізілім көздерін әртараптандыруға мұқтаж еуропалық нарықтар үшін зор әлеуетке ие.
Сонымен қатар, еуропалық білім, технологиялар мен инвестициялар елімізде терең өңдеу өндірісін және қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуға ықпал ете алады.
Сол сияқты, жаһандық экономиканың орнықты өсімге көшуі бұрын-соңды болмаған деңгейдегі өзара іс-қимылды талап етеді. Стратегиялық маңызы бар шикізат ресурстары, жаңартылатын технологиялар, энергия тиімділігі және жаңа өнеркәсіптік экожүйелер болашақтағы бәсекеге қабілеттілікті жедел қалыптастыруда.
Бұл бағытта Қазақстан елеулі ресурстар мен өнеркәсіптік әлеует ұсына алады, ал Еуропа өз тарапынан сараптамалық біліммен, технологиялармен және инвестициялармен жауап бере алады. Нәтижесінде екі экономиканың да өсімі жеделдеп, олардың орнықтылығы арта түседі.
Қауіпсіз әрі тиімді көлік бағыттары – стратегиялық күретамырлар
Ынтымақтастығымыздың алғашқы онжылдығына сүйене отырып, экономикалық қарым-қатынастарымызды дәстүрлі «шикізат ресурстарының орнына инвестиция» моделінен терең өңдеу, технологиялар трансфері, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық және бірлескен кәсіпорындар арқылы әрбір кезеңде құндылық қалыптастыратын серіктестікке көшірудің уақыты келген жоқ па?
Өзара байланыс мәселесіне назар аударайық. Қазақстанда біз қауіпсіз әрі тиімді көлік бағыттарының, ежелгі Ұлы Жібек жолы секілді, әрдайым стратегиялық күретамыр қызметін атқарғанын жақсы түсінеміз.
Дәл осы себепті біз Еуропа мен Азияны жалғайтын Орта дәлізді дамытып жатырмыз. Бұл бастама Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен табиғи түрде үндеседі.
Алайда өзара байланыс тек тауарларды шекаралар арқылы жылдамырақ тасымалдаудан әлдеқайда ауқымды ұғым. Орта дәлізді Еуропа нарықтары мен экономикалық орталықтарын Орталық Азияның ресурстарымен, дамып келе жатқан өнеркәсіптік базасымен және логистикалық әлеуетімен байланыстыратын қалыптасып келе жатқан жүйенің негізі ретінде қарастырған жөн.
Тарихқа көз жүгіртсек, каналдар, теңіз жолдары мен көне керуен жолдары сияқты шынайы өзара байланыс әрдайым жаңа мүмкіндіктер арқылы құндылық қалыптастырған. Ол нарықтарды біріктіреді, инвестицияларды ынталандырады, кәсіпкерлікті қолдайды және қоғамдарды жақындастырады. Географиялық артықшылықтарды экономикалық мүмкіндіктерге айналдырады.
Жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер және сенімді технологиялар
Сондықтан біздің серіктестігіміз енді болашақтағы өркендеуді қамтамасыз ететін технологияларды да қамтуы тиіс. Жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер және сенімді технологиялар экономикалық бәсекеге қабілеттілік пен ұлттық орнықтылықтың басты факторларына айналып келеді.
Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, деректерге негізделген басқаруды дамыту және жасанды интеллектке инвестиция салу арқылы неғұрлым цифрлық мемлекетке айналу жөнінде ауқымды мақсаттар қойып отыр.
Біз технологиялық прогрестің инклюзивті, қауіпсіз әрі адамға бағдарланған болып қалуын қамтамасыз ету үшін еуропалық технологиялық компаниялармен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз.
Ең бастысы, шынайы стратегиялық серіктестік азаматтарға нақты пайда әкелуі керек. Визалық режим мәселесінде елеулі ілгерілеуге қол жеткізілді. Бұл сапарларды қолжетімді әрі ыңғайлы етіп, студенттерге, зерттеушілерге, кәсіпкерлерге және екі тараптағы отбасыларға практикалық пайда әкелуге мүмкіндік береді.
Білім, ғылым және инновациялар саласында межені көтеру қажет
Біз білім, ғылым және инновациялар саласындағы мақсаттарымыздың деңгейін қайтадан көтеруіміз керек. Қазақстанның Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламаларына қатысуы қолда бар мүмкіндіктердің ауқымын айқын көрсетіп отыр. Бізге академиялық ұтқырлық пен ынтымақтастықты, бірлескен инновацияларды және жастарға арналған мүмкіндіктерді одан әрі арттыру қажет.
Уақыт ешкімді күтпейді. Қазақстан Еуропалық Одақпен серіктестігінің келесі онжылдығына терең жаңғыру кезеңінен өтіп жатқан мемлекет ретінде қадам басуда және орнықтылық ең алдымен ел ішінен басталатынына сенімді.
Біздің жаңа Конституциямыз тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы ауқымды жаңғырудың нәтижесі болды. Ол заң мен тәртіпке негізделген, сондай-ақ адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз құрметтеу мен қорғауды қамтамасыз ететін әділетті елде өмір сүруге ұмтылатын жаңа буынның талабын бейнелейді.
Сонымен қатар Конституцияда қоғамдық есептілікті күшейтуге және институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді саяси және экономикалық реформалар бекітілген. Бұл реформалар «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген.
Біз серіктестеріміз бен инвесторларымыздың Қазақстаннан жаңа нарықтарды ғана емес, сондай-ақ тұрақты ережелерді, болжамды, әділ және ашық экономикалық басқару жүйесін табуын қалаймыз.
Өткен онжылдық бізге серіктестікті табысты дамытуға қабілетті екенімізге сенім берді. Алдағы онжылдыққа көз жүгірте отырып, біздің серіктестігіміз нақты әрі маңызды нәтижелер әкелуі тиіс екеніне кәміл сенімдімін.
Қуантатын жайт – Еуропа мен Қазақстанда бұл серіктестікті нығайту үшін қажетті құралдар мен ресурстардың басым бөлігі қазірдің өзінде бар. Қалғанын біз бірлесіп қалыптастырамыз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 22–23 маусым күндері Еуропалық Одақ басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін Брюссельге барады.