TOP-2Білім

Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар «ұдайы жапа шеккен ұлт» кейпінен арылып, әсіресе жастардың санасына мұң мен күйзелісті сіңірмеу керектігін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Президент бұл туралы мектеп оқулықтарының сапасы мен балаларға ұсынылатын тарихи материалдардың мазмұнына тоқталған кезде айтты.

Тоқаевтың сөзінше, жастарға тарихты таныстыру кезінде тексерілмеген деректерге, ойдан шығарылған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» туралы аңыздарға сүйенуге болмайды. Мұндай тәсіл патриоттық тәрбиеге қызмет етпейді.

«Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы», – деді Президент.

«Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек»

Президент кейбір қаламгерлердің шығармаларында мұң мен қайғы тақырыбына жиі басымдық берілетінін сынға алды.

«Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жастар өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс.

«Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Back to top button