Тоқаев ішкі саясат мәселелері жөніндегі көмекшісін тағайындады
Мемлекет басшысының жарлығымен Эльдар Сейдахметұлы Толғанбаев президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Эльдар Толғанбаев 1981 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Д. А. Қонаев атындағы университетті тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы мәслихат аппаратының бас маманы болып бастаған. 2005-2006 жылдары Алматы облысы Алакөл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің маманы, 2006-2008 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымында қызмет еткен.
2008-2012 жылдары бас кеңесші; премьер-министр кеңсесінің ақпараттық-талдау орталығының жедел ақпарат секторының меңгерушісі, 2012-2016 жылдары президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары болған. 2016-2019 жылдары мәжіліс төрағасының кеңесшісі болса, 2019 жылы жеке құрылымында жұмыс істеген.
2019-2020 жылдары «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, ал 2020-2022 жылдары «Almaty телерадиокомпаниясы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары болып еңбек еткен. 2022 жылдың маусымынан бастап қазіргі уақытқа дейін Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.