Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа бала құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.
БЕСЖЫЛДЫҚ ЖОСПАР ӘЗІРЛЕНДІ
Динара Зәкиеваның сөзінше, биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы бала құқықтарын қамтамасыз ету шаралары жүйеленген көрінеді.
«Жағдайды жіті сараптау негізінде бес жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленді. Құжат әлеуметтік қолдауды және бала құқықтарын қорғауды күшейтетін 158 шараны қамтиды», – деді уәкіл.
ӨҢІРЛЕРДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ
Мемлекет басшысына облыс әкімдіктерінде Балалар құқығын қорғау басқармаларын құру жұмысы аяқталып, олардың құзыреттері ұлттық заңнамада бекітілгені және ұйымдастыру рәсімдері жүріп жатқаны жөнінде баяндады.
Мәлім болғандай, қазір қажетті ұйымдастыру рәсімдері қолға алынған.
«Биыл 9 өңірдегі ахуалға мониторинг жүргізіліп, балалардың психологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге және олардың құқықтарының бұзылуының алдын алуға бағытталған іс-шаралар сапасы зерделенді», – деді Зәкиева.
Ол Мемлекет басшысына психологиялық қолдау орталықтарын құру жөнінде ақпарат берді.
ПРЕЗИДЕНТ НЕ АЙТТЫ
Ресми ақпаратқа сәйкес, 111 мемлекеттік байланыс орталығына түсетін өтініштер бойынша жүргізілген жұмысқа тоқталды.
«Мектептерде QR-111 жүйесінің енгізілуі балалармен тікелей байланыс орнату және олардың құқықтарының бұзылу фактілерін анықтау барысында тиімді болғанын көрсетіп отыр. Аталған құрал іске қосылғаннан бері, яғни, 2024 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусым айына дейін балалардан 167 мың хабарлама мен 4 523 қоңырау келіп түскен», – деді уәкіл.
Президент «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыру мақсатында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін жұмылдыру маңызды екенін атап өтті.