Төгілген қан үшін күмәнсіз кек аламыз – Можтаба алғаш рет мәлімдеме жасады
Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Можтаба Хаменеи алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Иранның мемлекеттік телеарнасында жаңа жоғарғы көшбасшы Можтаба Хаменеи жасаған алғашқы мәлімдеме оқылды. Мәлімдемені ВВС-дің парсы қызметіндегі журналистер тыңдап, аударып шыққан.
Мәлімдемеде Иранның «Ормуз бұғазын бұғаттау тетігін» қолдану мүмкіндігі бар екені айтылған.
Сонымен қатар Хаменеи Иранның көрші мемлекеттерге қатысты «достық» саясатын ұстанатынын мәлімдеді. Алайда ол бұл елдерге өз аумақтарындағы америкалық әскери базаларды жабуға кеңес берді. Оның айтуынша, мұндай нысандар Иран үшін әлі де ықтимал нысана болып қала береді.
Иран теледидарында оқылған мәлімдемеде жоғарғы көшбасшы Можтаба Хаменеи мәлімдемесінде Ормуз бұғазын бұғаттау мәселесінен бөлек, Иран «ирандықтардың төгілген қаны үшін еш күмәнсіз кек алатыны» айтылған. Ол бұл сөздердің Минаб қаласындағы қыздарға арналған мектепке жасалған соққы кезінде қаза тапқандарға да қатысты екенін атап өткен. Иран деректеріне сәйкес, ол жерде 168 адам, оның ішінде 110 бала қаза тапқан.
Иран бұл оқиғаға АҚШ-ты айыптайды. АҚШ өз жауапкершілігін жоққа шығарады, бірақ тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Можтаба Хаменеидің жоғарғы көшбасшы болып сайланғаны туралы 8 наурызда жарияланды. Сайланған сәттен бері ол бірде-бір рет көпшілік алдына шыққан жоқ (бұған дейін де өте сирек көрінетін), бүгін де оның бейнесі көрсетілген жоқ.
Моджтаба – бұрынғы жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеидің екінші ұлы. Әли Хаменеи америкалық-израильдік науқанның алғашқы күні, 28 ақпанда қаза тапқан. Сол күні Моджтаба Хаменеидің жұбайы мен анасының да көз жұмғаны белгілі.
ВВС парсы қызметінің тілшісі Гончех Хабибиазадтың айтуынша, ирандық телеарна Моджтабаны «Рамазан соғысының ардагері» деп атаған, бірақ оның қандай да бір жарақат алған-алмағанын нақтыламаған. Көптеген беделді БАҚ 28 ақпанда оның жараланғанын жазғанымен, жарақатының қаншалықты ауыр екені туралы мәліметтер бір-біріне қайшы келеді.