Жаңалықтар

ТЖД Жаңотоған ауылына өрттен қауіп жоғын мәлімдеді

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Жаңатоған ауылы маңында бірнеше күннен бері жалғасып жатқан табиғи өрт аумағына әуеден барлау жүргізілді. Төтенше жағдайлар департаменті жаңа ашық жану ошақтары анықталмағанын және елді мекендерге қауіп жоғын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өрт аумағы әуеден тексерілді

Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 17 тамыз сағат 08:00-дегі мәліметінше, Жаңатоған ауылы маңындағы өрт аумағына аэровизуалды барлау жүргізілген. Барлау барысында жаңа ашық жану ошақтары анықталмаған. Қазіргі уақытта жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ.

Соған қарамастан, өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар аумақтағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуде. Оқиға облыстық ТЖД-ның бақылауында.

Тұрғындар шығынға ұшырағанын айтты

Бұған дейін жергілікті тұрғындар өрттің бірнеше қыстау мен қысқа жиналған шөпті шарпығанын хабарлаған еді. Жаңатоған ауылының тумасы Керім Аянқызы жалынның елді мекенге жақындағанын айтып, жауапты органдардан қосымша көмек сұрады. Оның мәліметінше, ауыл адамдары өртпен өз күшімен күрескен. Жалынды сөндіруге қатысқан ер адамдардың бірін денесінің 50 пайызын күйік шалып, ауруханаға жеткізілген.

«Жалғыз ауыл адамдарының күші жетпейді. Ауыл ішіне жақындап қалыпты. Дұрыс техника жұмылдырса, ауыздықтауға болатын еді ғой», – деп жазды ол.

Қарағанды облысының әкімдігі қатты жел мен таулы жер бедері өрт сөндірушілердің жекелеген ошақтарға жетуін қиындатқанын мәлімдеген. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қосымша күштері мен техникасы жіберіліп, облыстық ТЖД жанынан жедел штаб құрылған.

Өрт шарпыған аумақтың нақты көлемі, оған жұмылдырылған адам мен техника саны, сондай-ақ тұрғындарға келтірілген материалдық залал әзірге жарияланған жоқ. Tizgin.kz тілшісінің шабындығы мен жиналған шөбі өртенген азаматтарға көмек көрсетіле ме деген сауалына әкімдік өкілдері алдымен өртті толық сөндіру қажеттігін айтқан. Залалды өтеу мәселесі жөнінде әзірге нақты шешім хабарланбады.

Back to top button