$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
TOP-2ЖаңалықтарОқиға

Тірі кезінде 2 рет арыз жазған: Астанада әйел бұрынғы күйеуінің қолынан ажал құшты

Астанада әйел бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті күдіктінің полиция қызметкері екенін жоққа шығарса, әлеуметтік желіде оның полиция қызметкері болғанын растайтын суреттері тарауда, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шабуылға қатысты не белгілі

Полицияға әйелге шабуыл жасалғаны туралы хабарлама 22 қыркүйек күні сағат 20:00 шамасында түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барған.

Ведомствоның мәліметінше, ер адам әйелге пышақ жарақатын салған. Алған жарақатынан әйел оқиға орнында көз жұмды. Күдікті жедел түрде ұсталды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция күдіктіге қатысты ақпаратты жоққа шығарды

Астана қаласының Полиция департаменті күдіктінің құқық қорғау органдарының қызметкері екені туралы тараған ақпаратқа да түсініктеме берді.

«Күдіктінің полиция қызметкері екені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Тергеу Астана қаласы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп хабарлады ведомство.

13 жерден пышақтаған

Qogam News ақпараттық агенттігінің мәліметінше, Астанада пышақталып қаза тапқан 30 жастағы Жазира Адауоваға бұрынғы күйеуі бірнеше рет күш көрсетіп, аңдыған. Бұл туралы марқұмның әкесі Примкулов Азимбек пен ағасы Адауов Елнур айтты.

Олардың айтуынша, 18 тамызда күдікті Жазираны ұрып, қылқындырған. Ал 7 қыргүйекте ол әйелді үйінің жанында аңдып, көлігіне отырған. Қолында пышақ болғанын көрген тұрғындар Жазираны құтқарып қалған. Осы жағдайлар бойынша полицияға бірнеше рет арыз жазылған.

Туыстарының сөзінше, күдікті ұсталып, жауапқа тартылмаған. 23 қыркүйекте ер адам Жазираға қайта шабуыл жасап, 13 жерден пышақтап өлтірген.

Марқұмның туыстары полиция әрекетіне қатысты Бас прокуратураға жүгінуді жоспарлап отыр. Жазира Адауованың артында екі кәмелетке толмаған қызы қалды.

Бейресми деректер

Әлеуметтік желіде күдіктінің қызмет бабындағы киімімен түскен суреттері тарауда. Әлеуметтік желі қолданушылары

«Ол полиция қызметкері болған ба, болмаған ба?», «Полиция қызметкерлері өз әріптестерінің ісіне көз жұма қарап келген», «Неге арыз бірнеше рет жазылса да қолға алынбаған» сияқты сұрақтар мен болжамдар жазуда.

 

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button