Салымшылардан 160 млн теңге жымқырған The Finiko топ-менеджері Түркиядан экстрадицияланды
2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Finiko құрылымдық бөлімшесінің басшысы Түркиядан Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚМА не дейді
Операцияны прокуратура органдарының үйлестіруімен Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі департаментінің қызметкерлері Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен тізе қосып жүргізген. Ведомство ақпаратынша, тергеу барысында The Finiko компаниясының нақты кәсіпкерлік, я болмаса инвестициялық қызметпен айналыспағаны анықталды.
Мұның алдында тартылған қатысушыларға төлемдер жаңа салымшылардан түскен қаражат есебінен жасалған. Осы секілді схема табыс түсіп жатқандай көрініс қалыптастырып, тұрғындар қаражатын одан әрі тартуға мүмкіндік берген.
“Күдіктінің заңсыз әрекеті салдарынан салымшылардың 160 млн теңгеден астам қаражаты қаржы пирамидасына тартылған”, – делінген агенттік мәліметінде.
Жер мемлекетке қайтарылды
Бұдан бөлек, сотқа дейінгі тәркілеу аясында күдіктіге тиесілі құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне алынды. Мұның алдында аталған қылмыстық іс бойынша үш адамның мүлкі тәркіленіп, алты жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.