Жаңалықтар

Теледебат қорытындысы: «Әділет» көрермендердің 60,6% дауысын жинады

Jibek Joly телеарнасында Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын жеті саяси партияның алғашқы командалық теледебаты аяқталды. Көрермендер арасында жүргізілген онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша 60,6% дауыс жинаған «Әділет» партиясы бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Дауыстар қалай бөлінді

Дауыс беру қорытындысы бойынша екінші орынды 15,1% көрсеткішпен «Ауыл» партиясы иеленді. Ал 10,2% дауыс жинаған Respublica партиясы үшінші орынға тұрақтады.

Қалған дауыстар былай бөлінді:

  • ЖСДП – 3,9%;
  • «Ақ жол» – 3,5%;
  • Қазақстан халық партиясы – 3,3%;
  • «Байтақ» – 2,7%.

Сауалнамаға қатысқандардың тағы 0,7%-ы «Ешкім ұнамады» деген нұсқаны таңдаған.

Көрермендер QR-код арқылы дауыс берді

Онлайн дауыс беруді Jibek Joly телеарнасының тапсырысы бойынша Қазақстандық қоғамдық даму институты өткізді. Эфир кезінде көрермендер экранда көрсетілген QR-кодты сканерлеп, өкілдері өздеріне барынша сенімді көрінген партияны таңдай алды.

Сауалнамаға қатысушылар партия өкілдерінің өз ұстанымдары мен сайлауалды бағдарламаларын қаншалықты жақсы таныстырғанын, сұрақтарға қалай жауап бергенін және пікірталас барысында өздерін қалай көрсеткенін бағалады.

Ұйымдастырушылар онлайн дауыс беру нәтижесін сайлаушылардың партияларға шынайы қолдау деңгейінің көрсеткіші ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті.

Сауалнама тек көрермендердің нақты теледебаттағы қатысушылардың сөз сөйлеуіне қатысты пікірін көрсетеді және сайлау нәтижесінің болжамы болып саналмайды.

Back to top button