«Таза Өскемен» мекемесінің бұрынғы басшысына үкім шықты
Өскемен қаласында бірінші сатыдағы сот «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшысы, 44 жастағы Асхат Тәженовті 6 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Асхат Тәженовпен бірге айыпталушылар орнында «Таза Өскемен» кәсіпорны директорының бұрынғы орынбасары Ардақ Әбділдинов пен «Евро Торг» ЖК басшысы, Өскемен қаласының тұрғыны Игорь Федосов та болды. Бірінші сатыдағы сот үшеуін де 0ылмыстық кодексnің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен Асхат Тәженов 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Ардақ Әбділдинов 5 жыл 6 айға, ал Игорь Федосов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
2 шілдеде шығарылған үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым түсірілуі ықтимал.
Іс бойынша жәбірленуші ретінде Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесі танылған. Сот шешіміне сәйкес, Асхат Тәженов, Ардақ Әбділдинов және Игорь Федосов аталған мекемеге келтірілген 61 199 334 теңге көлеміндегі материалдық залалды ортақ тәртіппен өтеуге міндеттелді.
Сондай-ақ сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым күшінде қалдырылды. Мәселен, Ардақ Әбділдиновке тиесілі бірнеше жер учаскесі, оның ішінде бау-бақша серіктестіктеріндегі телімдер де қамауда қалды.
Еске салсақ, өткен жылдың соңында қаржылық мониторинг агенттігі тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер 2022–2023 жылдары мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбей, бюджет қаражатын өздерімен аффилиирленген коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына жүйелі түрде аударып отырғанын хабарлаған болатын.
Ведомство мәліметінше, заңсыз схема материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу туралы жалған құжаттарды рәсімдеуге негізделген. Атап айтқанда, құжаттарда жол жөндеуге арналған битум мен құм сатып алынғаны, суды сорып шығаруға арналған цистерналы арнайы техниканың жалға алынғаны, сондай-ақ бұған дейін орнатылып қойған 23 аялдама павильонын дайындауға қажетті материалдар сатып алынғаны жөнінде жалған мәліметтер көрсетілген.