Оқиға

Таразда бес жыл бойы жүрген қызын алып қашқан жігіт сотталып кетті

Алматы облысының үш тұрғыны Жамбыл облысындағы 19 жастағы бойжеткенді алып қашқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Аталмыш оқиға 2025 жылдың қазан айында болған. Тергеу барысында жәбірленушінің алып қашуды ұйымдастырған азаматпен 5 жылдан астам уақыт бойы жақын қарым-қатынаста болғаны анықталды. Алайда бойжеткен оған тұрмысқа шығудан бірнеше рет үзілді-кесілді бас тартқан.

Қыздың қарсылығына қарамастан, жігіт оны алып қашуды ұйымдастыруға шешім қабылдап, бұл іске таныстарын тартқан. Осылайша үш күдікті күш қолданып, күндізгі уақытта бойжеткенді алып қашқан.

Сотта үш айыпталушының да кінәсі дәлелденіп, әрқайсысы үш жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

«Тараз қаласының №2 сотының 2026 жылғы 4 мамырдағы үкімімен олар адамды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқаны үшін кінәлі деп танылды. ҚР ҚК-нің 63-бабы қолданылып, үш сотталушының әрқайсысына үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

Back to top button