$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-1Пікір

«Таныс қайғыны таңдай береміз»: Психолог қарым-қатынастағы таңдауымызды түсіндірді

Адамның сүйіктісін таңдауы әрдайым саналы шешім бола бермейді. Кейде біз бала кезден таныс қарым-қатынас үлгісін байқамай қайталаймыз: біреу қамқорлыққа тәуелді болады, енді бірі жақындасудан қорқады, ал тағы бірі серігін өз қиялындағы мінсіз бейнеге сәйкестендіруге тырысады. Психолог Гүлжан Досболқызы махаббаттағы таңдауымыздың астарында қандай сценарийлер жатқанын, қарым-қатынастың төрт стилін және иллюзиядан ересек махаббатқа қалай өтуге болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Анаклитикалық таңдау

Психолог Гүлжан Досболқызы оқырмандарға сұрақ қойды.

«Осы сұхбатты оқып отырған адамдарға «Жігітіңізді/қызыңызды, жарыңызды не себепті жақсы көресіз?» деген сұрақ қойғым келеді. Осы сұрақты оқыған кезде миыңызға ең алдымен қандай ой келді? Жақсы көретін адамды таңдауда екі жол бар: аналитикалық таңдау және нарцистік таңдау. Анаклитикалық таңдау деген «Ол маған қамқор бола алады, ол мені жақсы көреді, ол маған мейірімді қарайды» дегенге мән беру. Мұндай таңдау болған кезде сүйіктіңізді көп жағдайда бала кезіңізде өзіңізге қамқорлық танытқан анаңыз, әкеңіз, әжеңіз, атаңыздың біріне ұқсатып таңдайсыз. Бұл таңдаудың қаупі сонда – таңдаған адамыңызға тәуелді боласыз, психикалық тұрғыда есеймеген күйде қалу қаупі жоғары болады, яғни бар жауапкершілікті оған ысырып жүре бергіңіз келіп тұратын болады. Жан дүниеңізге жетіспей тұрған нәрсені жақсы көрген адамыңыздан талап ете беретін боласыз. Ол орындай алмай қалса – ренжисіз. Қандайда бір шешім қабылдау үшін оған жалтақтап тұратын боласыз. Сондай-ақ, мұндай қарым-қатынаста жұптың бірі төмен, біреуі жоғары тұрады, тепе-теңдік болмайды. Сырт көзге ол қарым-қатынас жақсы болып көрінуі мүмкін, яғни жұрт «Мына құрбымның жолдасы бәрін өзі қамтамасыз етеді, өзі қамқорлық көрсетеді, бәрін өз мойнына алған», «Мына досымның әйелі оның асты-үстіне түсіп, бар жағдайын жасайды» деп тамсанады, бірақ ондай жұптардың  ішкі жан дүниесінде қандай қарама-қайшылық болып жатқаны көзге көрінбейді», – дейді психолог.

Нарцистік таңдау

Ол нарцистік таңдау қалай болатынына тоқталып өтті.

«Нарцистік таңдау – өзіңе ұқсайтын немесе миыңыздағы мінсіз образға жақын адамды таңдау. Мұндай таңдау кезінде адам жұбының жағдайын ойламайды, ол үшін ең маңыздысы – жұбының өзі ойлап алған шеңберге сәйкес келуі. Мысалы, үйленген кезде жұбайының салмағы 50 келі болса, ол бала туған соң да, әже болса да сондай мінсіз мүсінін жоғалтпау керек деп ойлайды. Ойындағыдай болмай қалса – сол үшін жүйкесі жұқарады. Жұбын оның өзіне тән бейнесімен, өзіне тән болмысымен қабылдай алмай қиналады. Ол өзінің қасында жүруге лайық емес деп ойлайды», – дейді Гүлжан Досболқызы.

Сондай-ақ, психолог жақсы көру стильдеріне де тоқталып өтті.

Қауіпсіз стиль

«Қауіпсіз, сенімді стиль – бұл сенімге негізделген стиль. Мұндай стильдегі қарым-қатынасты таңдайтын адам іштей «Мен махаббатқа лайықтымын ба? Бұл адамға қол жеткізе аламын ба? Мен оған ұнаймын ба?» деген сұрақпен жүреді. Мұндай жұптар бір-біріне әрі жақын бола алады, әрі қашықтықты да ұстап, дау-дамайды шеше алады. Өзін-өзі жоғалтпаған күйде қарым-қатынас құра алады.

Мазасыз стиль

Екінші стиль – күмәнға толы, мазасыз, уайымшыл стиль. Мұндай адам іштей «Мені тастап кете ме? Қашан тастап кетеді? Қай кезде тастап кетеді? Мен өзі жақсы адаммын ба? Дұрыс істеп жүрмін бе, дұрыс емес істеп жүрмін бе?» деп ойлап жүреді. Ондай адамдар өте сезімтал болады. Жұбының әр сөзіне, көзқарасына, іс-қимылына мән беріп, өз бойын бос ұстай алмай жүреді. Жақсы көрген адамы «Тамағың дәмді екен» деп айтпаса – ол өзін жақсы көрмей қалды деп ойлап қалады.

Қашқақтайтын стиль

Үшінші стиль – қашқақтайтын стиль. Ондай адам «Ешкімге сенудің қажеті жоқ. Жалғыз болған артық» деген ойда жүреді. Жақсы көретін адаммен арақашықтық ұстанып жүреді, оны жан дүниесіне жақындатпайды. Сырт көзге өзіне өте сенімді болып көрінеді, бірақ ішкі жан дүниесінде махаббатын көрсетуге қорқып тұрады. Мұндай адам жақсы көретін адамымен екі жақта қашықтан араласуға дайын. Ең бастысы – өзін тастап кетпесе болды. Қасында жүрсе – жоғалтып алудан қорқады, алыста жүрсе – «жоғалтып алам», «мені тастап кетеді» деген қорқынышы сейіледі.

Тұрақсыздық стилі

Төртінші стиль – тұрақсыздық стилі. Ондай адам «Бауыр басқым-ақ келеді, бірақ қорқамын. Осал тұсымды көрсеткім-ақ келеді, бірақ мені ондай күйде қабылдамайды деп қорқамын» деген ойда жүреді. Ондай адам бір уақытта бірнеше адаммен қарым-қатынас құрады, өзі бірінші тастап кетуге тырысады, қарым-қатынастары қысқа мерзімді болады.

«Таңсық бақытты емес, таныс қайғыны таңдап кете беремыз»

Гүлжан Досболқызының айтуынша, бұл анықтамаларға карта ретінде қарау керек.

«Жоғарыдағы айтқандарымды – жақсы, жаман немесе дұрыс, бұрыс деп қарамаңыздар. Бұл ақпаратты білу – өзіңізге талдау жасау үшін, өмірлік жар таңдағанда сараптай алуыңыз үшін қажет. Алғашқы махаббатыңызды есіңізге түсіріп көріңіз. Ол жауапты махаббат болды ма, әлде жауапсыз махаббат болды ма? Онымен қарым-қатынасыңыз үйлесімділікке толы болды ма, әлде дау-дамай көп болды ма? Әдетте үйіңізде көрген қарым-қатынас, алғашқы махаббатыңызбен болған қарым-қатынас бәрі бір-бірімен ұқсайды. Бастапқы сценарий қалай болда – солай қайталана береді, яғни өз отбасыңызда, алғашқы қарым-қатынасыңызда дау-дамай, кикілжің көп болса, ары қарай автоматты түрде таңсық бақытты емес, таныс қайғыны таңдап кете бересіз. Осының бәрін зерттеу өзіңізге ұнамайтын сценарийді тоқтатуға көмектеседі. «Қандай махаббат болды?» деген сұрақ емес, «Сол махаббат қарым-қатынасынан қандай сабақ алдым?» деген сұрақ маңызды, себебі көп адам дұрыс қарым-қатынасты емес, психикасы үйреніп қалған қарым-қатынасты таңдай береді. Адамға ғашық болған кезде көп иллюзия болады. Иллюзия, фантазия болған – жаман емес, себебі сол иллюзияның арқасында ол жақсы көрген адамын тануға, оны зерттеуге, бірге болуға ұмтылады, бірақ күндердің бір күні иллюзияның аяқталатын кезі де келеді. Иллюзиядан ересек махаббатқа өту кезеңі де келіп жетеді. Адам жақсы көрген адамын ең алдымен мінсіздендіреді. Міні болса да – көрмейді. Уақыт өте келе ол адамның шынайы бейнесін көре бастайды, бірақ оны да дұрыс немесе дұрыс емес деп бағалауымызға болмайды. Ол да жақсы және жаман қасиеттері бар, артықшылығы мен кемшілігі бар адам екенін түсіне бастауыңыз керек. Кей адам мұны сатқындық деп қабылдайды, бірақ ол – сатқындық емес. Адам – мінсіз емес екенін, ол сіз ойдан жасап алған образға сәйкес болуға міндетті емес екенін, оның құндылығы сіздің құндылықпен бірдей болмауы мүмкін екенін түсінуіңіз керек», – дейді ол.

«Орталық Азиядағы әйелдер үшін қалауын айту – ұят»

Психолог Орталық Азияда әйел мен ерге қатысты екі стандарт бар екенін айтты.

«Денеңізге деген қарым-қатынасыңыз балалық шақта денеңізге ересектер қандай қарым-қатынас жасады сонымен байланысты. Денеңізге ата-анаңыз, туыстарыңыз құрметпен қарады ма? Әлде бетіңізден «Сүйме» десеңіз де – сүйді ме? Осы туралы ойланып көріңіз. Орталық Азия халықтарының мәдениетінде әйелдің қалауы көрінбеуі, білінбеуі керек. Біздің елдегі көп әйел өзінің денесі не қалайтынын сезінбейді. Бұл да ер мен әйелдің арасындағы дау-дамайға алып келеді. «Еркекке не істесе де – жарасады» дегенді естіген боларсыздар? Ал әйел үшін көп нәрсе – ұят, тіпті ерінен оза шауып, кәсіби жетістікке жету де – ұят. Әйелдің көп күш-қуаты өз бойындағы қабілетті басып отыруға, үйінде болып жатқан мәселені сыртқа шығармай ұстап отыруға кетеді. Ал әйел мен еркек жан қалауы, тән қалауы, арман, мақсат, төсек мәселесіне қатысты тақырыпты ашық талқылай алса не болады? Психотерапевт Эстер Перель «Өмірлерінің эротикалық бөлігін сақтап қала алатын жұптар бір-бірінің өзгешелігін, бір-біріне ұқсамайтындығын қабылдай алатын адамдар» дейді. Осы туралы ойланып көріңіздер», – дейді психолог.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button