Жаңалықтар

Тайландта жоғалды деген қазақстандық рэпер табылды

Қазақстандық рэпер — Кисло-Сладкий лақап атымен танымал Дархан Жұмабек Таиландтан аман-есен табылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Еске салсақ, бірнеше күн бұрын музыканттың достары оның жоғалып кеткенін хабарлап, Таиландтың көші-қон полициясына жүгінген болатын. Әлеуметтік желілерде де өнер иесін іздеуге қатысты ақпарат кеңінен таралып, жанкүйерлері мен жақындары алаңдаушылық білдірген еді.

Музыкантты іздестіру жұмыстарының аяқталғанын режиссер Парасат Ибраев мәлімдеді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында іздеу жұмыстарына көмектескен және ақпаратты таратқан барлық азаматтарға алғысын жеткізді.

SHOT басылымының мәліметінше, Дархан Жұмабек Пхукеттегі ауруханалардың бірінен табылған. Алдын ала ақпарат бойынша, рэпер ауыр жарақат алмаған және оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Әзірге музыканттың ауруханаға қалай түскені және оның жоғалып кетуіне не себеп болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Жақындары мен әріптестері Дархан Жұмабектің табылғанын растап, оның жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Тергеу және мән-жайды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Back to top button