Сынның артындағы сандар: QazaqGaz Aimaq қызметін толық цифрландырғалы отыр
«QazaqGaz Aimaq» АҚ газ тарату желілеріне қосылу қызметін цифрландырып, Астанада пилоттық жобаны іске қосты. Осылайша, компания қызметтерін компания онлайн режимге көшіріп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Газ желісіне қосылу жүйесі қалай дамып келеді
«QazaqGaz Aimaq» АҚ тұтынушыларға көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Компания мәліметінше, техникалық шарттарды алуға жыл сайын шамамен 120 мың өтінім түседі.
«Бүгінде жыл сайын техникалық шарттарды алуға келіп түсетін 120 мыңға жуық өтінімнің шамамен 80%-ы немесе 95 мыңға жуығы онлайн форматта өңделеді. “QazaqGaz Aimaq” АҚ техникалық шарттарды онлайн режимде беру қызметін ұсынатын табиғи монополиялардың жалғыз субъектісі саналады», – делінген компания хабарламасында.
Жеке тұлғалар техникалық шарттарды 2023 жылдан бері eGov порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн ала алады. Ал 2025 жылдан бастап бұл мүмкіндік заңды тұлғалар үшін де қолжетімді болды. 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында техникалық шарт алуға байланысты барлық рәсім онлайн форматқа көшірілген. Техникалық шарттар Қазақстан заңнамасында белгіленген мерзімде берілуге тиіс. Техникалық жағынан күрделі емес нысандарға құжат бес күн ішінде, ал күрделі нысандарға он күн ішінде рәсімделеді.
2027 жылы «QazaqGaz Aimaq» газ тарату желілеріне қосылуға қатысты қызметтерді одан әрі автоматтандырып, цифрландыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде тұтынушы нысанын газ құбырына тікелей қосу және газ жіберу жұмыстары да бар. Қазір газ тарату желілеріне қосылу қызметі Астанада пилоттық режимде онлайн көрсетіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін бұл сервисті Алматы қаласы мен Атырау облысында іске қосу көзделген. Одан кейін жоба кезең-кезеңімен еліміздің барлық өңіріне енгізіледі.
Мәдиев монополистерді не үшін сынады
Жақында премьер-министрдің орынбасары әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев монополистердің едәуір бөлігі бизнестен келіп түскен өтінімдерді заңда белгіленген мерзімде қарамайды деп сынаған еді. Министр келтірген деректе монополистердің қарауында үш мың өтінім үш айдан астам уақыт бойы «қатып қалғаны» айтылады. Ал барлық келісу рәсіміне заң бойынша небәрі бес жұмыс күні беріледі. Мәдиев өтінімдерді қарау мерзімі бойынша «антилидер» атанған ұйымдардың қатарында «Алматы Су», «Павлодарэнерго» және QazaqGaz Aimaq-тың өңірлік құрылымдарын атаған. Алайда соңғысы сынның артында нақты сандар тұрғанын атап көрсетті.