«Сын айтатындар бола береді»: Бектенов Көкжайлаудағы жоба жайлы пікір білдірді
Премьер-министр дискуссия емес, нақты нәтиже керек дейді
Көкжайлаудағы «Almaty Superski» тау курортын салу жобасы жайлы премьер-министр Олжас Бектенов пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Туризм мәселелері талқыланған Үкіметтегі жиында Көкжайлаудағы даулы жоба да сөз болды.
«Барлық қажетті шешімдер қабылданды. Сын айтатындар бола береді. Оған қарамай бәрін тездетіп іске асыру керек. Бізге бос дискуссия емес, нақты нәтиже керек. Бұл жобаны іске асыру кезінде экология мәселесіне баса назар аудару керек дейді», – деді Бектенов.
Еске сала кетсек, Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасы сонау 2002 жылы пайда болған. Белсенділер ерекше қорғауға алынған табиғи аумақта курорт салуға қарсы болып, наразылық білдірген. Тіпті 2012 жылы пікірталас халықаралық деңгейге көтеріліп, наразы топ БҰҰ-ның Орхус конвенциясына шағымданған. Алматы әкімдігі 2015 жылы күзде жобаны уақытша тоқтатып, 2017 жылы қайта жаңғырды. Бұл дауға 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Ол «Көкжайлау» жобасымен айналысуға тыйым салған, бірақ араға жеті жыл салып Көкжайлау дауы қайтадан күн тәртібіне шығып отыр.
Биыл мамырдың соңында Алматыда Көкжайлау аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған Almaty SuperSki тау курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар аяқталды.
Тыңдау қорытындысы бойынша қатысушылардың едәуір бөлігі Алматы тау кластерін дамыту бастамасын қолдап, жобаның мегаполис үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Жоба авторлары мен қолдаушылардың пікірінше, Almaty SuperSki Алматыны Орталық Азиядағы жетекші тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік бермек.
Талқылау кезінде жобаның негізгі бағыттарының бірі – халықаралық деңгейдегі заманауи тау инфрақұрылымын қалыптастыру екені айтылды. Жоспар бойынша жаңа туристік аймақта шаңғы трассалары, аспалы жолдар, сервис орталықтары, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары және жыл он екі ай жұмыс істейтін туристік нысандар салынуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл Алматыға келетін шетелдік және ішкі туристер санын айтарлықтай арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар жоба аясында экологиялық қауіпсіздік мәселелері де кеңінен талқыланды. Жоба өкілдері құрылыс жұмыстары халықаралық экологиялық талаптарды ескере отырып жүргізілетінін, табиғи ландшафтқа түсетін жүктемені азайту бойынша арнайы шаралар қарастырылғанын мәлімдеді. Бұл бағыттағы қоғамдық бақылау мен сараптамалық мониторингтің жалғасатыны да айтылды.
Жиын соңында қоғамдық тыңдау ресми түрде аяқталып, жобаны одан әрі іске асыруға қолдау білдірілді. Ендігі кезеңде техникалық және жобалық құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік сараптамалардан өткізу және инфрақұрылымдық дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Almaty Superski жобасының елдегі туризм саласын дамытудағы маңызын атап өткен болатын.
«Бүгінде даму мен экологияны бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Жауапты мемлекет табиғатты қорғауды, қажетті инфрақұрылым қалыптастыруды, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және азаматтарға жаңа мүмкіндік ашуды қатар алып жүруі тиіс. Almaty Superski жобасы Қазақстанның бірегей табиғи әлеуетін қоғамның, елдің және болашақ ұрпақтың игілігі үшін қауіпсіз әрі жауапты түрде пайдалана алатынын көрсететін үлгіге айналуы тиіс», – деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі.