Сыйға алған пәтерді сатқанда салық төлеу міндетті ме – салық комитеті түсіндірді
2026 жылы сыйға алған пәтерді сататындар нені білуі керек
2026 жылы сыйға алған пәтерді екі жылға жеткізбей, бағалау құнынан қымбатқа сатсаңыз, арадағы айырмадан жеке табыс салығын төлеуге тура келеді. Мемлекеттік кірістер комитеті сыйға берілген баспананы сатқанда салық қандай жағдайда салынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Салық пәтердің толық бағасынан есептеле ме
Сыйға алған пәтерді сату әрдайым салық төлеу міндетін жүктемейді. Мұнда екі жағдай ескеріледі: баспана сіздің меншігіңізде қанша уақыт болғаны және оны қандай бағаға сатқаныңыз есепке алынады. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндірмесіне сәйкес, 2026 жылы сыйға алынған пәтер екі жылға жетпей сатылса, оның сату бағасы мен бағалау құны салыстырылады. Сату бағасы жоғары болса, арадағы оң айырма құн өсімінен түскен кіріс болып саналады. Жеке табыс салығы осы кірістен есептеледі.
Мысалы, пәтердің есепке алынатын бағалау құны 10 млн теңге, ал сату бағасы 15 млн теңге болсын. Бұл жағдайда құн өсімінен түскен кіріс – 5 млн теңге. Салық осы сомадан есептеледі.
Ал сату бағасы бағалау құнына тең немесе одан төмен болса, құн өсімінен кіріс болмайды. Тиісінше, осы негізде ЖТС төлеу міндеті туындамайды. Бағалау құны дегеніміз – Мемлекеттік корпорация мүлік салығын есептеу үшін белгілейтін құн. Бұл есепте пәтерге меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарындағы бағалау құны қолданылады.
Пәтер 2026 жылға дейін сыйға берілсе не болмақ
Комитет бұрын сыйға алынған мүлікке қатысты бөлек шарт бар екенін ескертті.
Егер пәтер 2026 жылы 1 қаңтарға дейін сыйға алынып, осы күннен кейін сатылса, екі жылдық емес, бір жылдық мерзім қолданылады. Яғни мұндай пәтерді меншікке өткеніне бір жыл толмай сатқанда, құн өсімінен кіріс бар-жоғы ескеріледі.
Сондықтан пәтерді сатар алдында оның өз меншігіңізге қашан өткенін және есепке алынатын бағалау құнын анықтап алған жөн. Салық төлеу міндетінің туындауы осы деректер мен сату бағасына байланысты.