Сүт, май, ірімшік: Алматы облысында 251 млн теңге субсидия жымқырғандар сотталды
Күдіктілер шикізат сатып алу және өнім сату туралы жалған мәліметтер ұсынған.
Алматы облысында субсидияларды жымқыру және жалған шот-фактуралар жазып беру схемасына қатысқан екі адамға қатысты үкім шығарылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тергеу мәліметінше, «Бағдаулет и ПК» және «Амантау-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдау бағдарламалары аясында мемлекеттен заңсыз субсидия алып келген. Ол ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу және дайын өнім – сары май мен қатты ірімшік сату туралы жалған мәліметтер ұсынған. Соның негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам қаржы төленген.
Тексеру барысында аталған кооперативтердің мұндай қызметті жүзеге асыруға қажетті өндірістік қуаттары, жабдықтары, жұмысшылары және басқа да ресурстары болмағаны анықталды.
Сонымен қатар, ҚМА «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған электрондық шот-фактуралар рәсімдеу схемасын әшкереледі. Ол жалған мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салықтық жүктемесін азайту үшін пайдаланылған.
Төленбей қалған салықтардың жалпы сомасы 416 миллион теңгеден асты.
Сот схемаға қатысқан екі адамды алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған BMW автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.