Субсидия жымқырды деген күдікке ілінген қазақстандық әйел Грузиядан экстрадицияланды
Ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматшасы Грузиядан экстрадицияланды. Тергеу дерегінше, оның әрекетінен мемлекетке және өзге де жәбірленушілерге 238 миллион теңгеден астам залал келген. Бұл туралы Бас прокуратураға сілтеме жасап Tizgin.kz хабарлайды.
Субсидия мен кредит жалған құжаттар арқылы алынған
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 2020–2023 жылдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген қаржыны жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын пайдаланған деген күдікке ілінген. Асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу туралы жалған шарттар мен өзге де жалған құжаттар негізінде жеңілдетілген кредиттер және мемлекеттік субсидиялар заңсыз алынған.
Бас прокуратураның мәліметінше, осы әрекеттерден мемлекет пен басқа да жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал 238 миллион теңгеден асады.
Грузияда ұсталып, Қазақстанда қамауға алынды
Қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалаған күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Ол биыл наурызда Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Оны қайтару жұмыстарын Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен жүргізген.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Бас прокуратураның хабарлауынша, бұл қылмыстар үшін мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға жеті адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі жымқыру деректері бойынша іздеуде болған.