БілімЖаңалықтар

Студенттер жатақханадан орын ала алмаса қайда жүгінеді

Студенттерге жедел қызмет көрсету үшін орталықта сегіз толыққанды жұмыс орны ұйымдастырылған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) базасында студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге арналған Ситуациялық орталық дәстүрлі түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Орталықтың мақсаты қандай?

Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында орналасқан орталықтың негізгі мақсаты – жатақханадан орын ала алмаған студенттерге жедел әрі тиімді көмек көрсету.

Кімдер жүгіне алады?

Жоғары оқу орындарының цифрлық платформалары арқылы жатақханадан орын брондап үлгермеген немесе қоныстану кезінде қиындықтарға тап болған студенттер Ситуациялық орталыққа тікелей жүгіне алады. Мамандар әрбір өтінішті жедел қарап, бос орындар базасы арқылы студенттерге жатақханалардан немесе серіктес ұйымдардан уақытша тұратын орын ұсынуға көмектеседі.

Орталық қалай жұмыс істейді?

Студенттерге жедел қызмет көрсету үшін орталықта сегіз толыққанды жұмыс орны ұйымдастырылған.

Әрбір жұмыс орны заманауи компьютерлік техникамен, цифрлық деректер базасына қолжетімділікпен және бір уақытта 10 қоңырауды қабылдай алатын көпарналы байланыс жүйесімен жабдықталған.

Бұл мамандарға Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары мен жатақхана әкімшіліктерімен үздіксіз байланыста болып, студенттердің мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Студенттерге қандай жағдай жасалған?

Орталық аумағында келушілерге барлық қажетті жағдай қарастырылған.

Мұнда:

  • өтініш берушілерге арналған күту және демалыс аймағы;
  • оқу бұрышы;
  • кофе-брейк аймағы;
  • жиналыстар мен жедел брифингтер өткізуге арналған конференц-зал жұмыс істейді.

Байланыс телефондары:

  • +7 (700) 255-14-43
  • +7 (700) 950-95-28
  • +7 (727) 237-01-70
Back to top button