Steppe&World басылымы мектептерге қазақ тіліндегі 1500 кітапты сыйға тартты
Аталған басылым Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанын негізге алып, ойлы ұрпақ қалыптастыру басты мақсат екенін жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БАСПА ҮЙІНІҢ БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ
Президент Жарлығы олар үшін зор қуаныш әрі рухани жеңіс болған көрінеді. Steppe & World баспа үйінің басшысы Раиса Сайран Қадырдың сөзінше, Ұлттық құрылтай отырысында кітап оқу мәдениетін дамыту жағы айтылды.
Балалардың сапалы әдебиетке қол жеткізуі, мектеп кітапханаларын жаңарту және қазақ тіліндегі үздік кітаптар санын көбейту туралы ұсыныстар айтқан еді. Бүгін сол ойлардың ел көлемінде қолдау тауып, нақты іске айналып келе жатқанын көру бізге зор үміт сыйлады, – делінген басылымның ресми парақшасында.
ЖОСПАРДА 500 КІТАП СЫЙЛАУ БОЛҒАН
Байқауға қатысқан балалардың кітапқа деген ықыласы мен ата-аналардың қолдауы баспа үйіне мол шабыт сыйлап, бастапқыда жоспарланған 500 кітаптың орнына толық 1500 кітап сыйлауға шешім қабылдаған.
Біз үшін бұл байқаудың басты мәні – жеңіс емес. Балалардың қолына жақсы кітап беру, сынып ішінде шағын кітапхана қалыптастыру, жазғы демалыста оқитын сапалы әдебиет сыйлау.
Конкурсқа қатысқан барша балапанды, ұстаздарды, ата-аналарды шын жүректен құттықтаймыз, – делінген ақпаратта.