Спортшы Арман Оспанов қызметке тағайындалды
Аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов Шымкент қаласы Күрес федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Арман Оспановның өмірбаяны
Арман Әріпханұлы Оспанов – қазақстандық жауынгерлік самбо және аралас жекпе-жек шебері. Ол 1989 жылғы 7 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданында дүниеге келген.
«Сұңқар» лақап атымен танылған спортшы жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы және үш дүркін Әлем кубогының иегері атанды. Сондай-ақ бразилиялық джиу-джитсудан Азия чемпионатында екі рет топ жарған. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.
Арман Оспанов кәсіби ММА додаларында Alash Pride клубының атынан өнер көрсетіп, жартылай жеңіл салмақта танылды. Ол жекпе-жектерінің басым бөлігін мерзімінен бұрын аяқтайтын соққысы жойқын спортшы ретінде көпшілікке кеңінен танымал. Кәсіби мансабында Расул Мирзаев бастаған белгілі қарсыластармен кездескен.
Арман Оспанов өңірлік деңгейде мәслихат депутаты болуды көздеп отырғанын бұған дейін өзі Tizgin.kz порталына берген сұхбатында айтқан еді.