Сотталған экс-әкімнің иелігінде болған Алатаудағы қоқыс полигоны мемлекетке қайтарылды
Алатау қаласындағы аумағы 34 гектар қоқыс полигоны коммуналдық меншікке қайтарылды. Сот нысанды «ADC TAZA ALEM» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға беру туралы шартты жарамсыз деп таныды, деп хабарлайды Tizgin.kz прокуратура мәліметіне сілтеме жасап.
Компания қандай міндеттемелерді орындамаған
Алатау қаласы прокуратурасының ұсынуы негізінде полигонды сенімгерлік басқару туралы шартты жарамсыз деп тану жөнінде сотқа талап қойылған.
Тексеру барысында серіктестіктің іс жүзінде Іле ауданының бұрынғы әкімі Б. Қарасаевқа тиесілі болғаны анықталған. Ол 2025 жылғы 27 қарашадағы сот үкімімен сыбайлас жемқорлық қылмысы және заңсыз кәсіпкерлік үшін сотталған.
Шарт бойынша басқарушы компания инвестиция тартып, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салуға тиіс болған. Бұған қоса, табысының бір бөлігін жергілікті бюджетке аударуға және полигонды жою қорын құруға міндеттелген.
Алайда бұл міндеттемелер орындалмаған. Прокуратура мәліметінше, компанияның жұмысы іс жүзінде қалдықтарды жинап, үйіп қоюмен шектелген.
Бес жылда алты рет өрт шыққан
Прокуратура полигонның тиісінше басқарылмауы елеулі экологиялық зардаптарға әкелгенін мәлімдеді. 2021–2025 жылдар аралығында нысан аумағында алты рет өрт тіркелген.
Ең ірі өрт 2025 жылғы қыркүйекте болған. Сол кезде жалын 30 гектарды, яғни полигон аумағының басым бөлігін шарпыған.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапты толық қанағаттандырды. Сенімгерлік басқару туралы шарт жарамсыз деп танылып, полигон коммуналдық меншікке қайтарылды.