Кипрде қазақстандық бойжеткенді біреу пышақтап кетті
22 жастағы бойжеткен ауыр хәлде жан сақтау бөлімінде жатыр. Оған супермаркет ішінде белгісіз ер адам тап берген, деп хабарлайды Tizgin.kz шетелдік БАҚ көздеріне сілтеме жасап.
Супермаркеттегі шабуыл
Қанды оқиға 3 тамыз күні таңертең Никосия қаласындағы «Metropol Market» супермаркетінде орын алды. Жергілікті полицияның мәліметінше, ер адам бойжеткенге кенеттен тап беріп, бірнеше рет пышақ жұмсаған. Өз дегенін іске асырған соң, шабуылдаушы дәл солай өзін де жарақаттаған.
Екеуі де доктор Бурхан Налбантоглу атындағы мемлекеттік ауруханаға жедел жеткізілді. Ота жасалған қазақстандық азаматшаның жағдайын дәрігерлер аса ауыр деп бағалап отыр. Қаскөйдің мұндай қадамға неліктен барғаны әлі белгісіз. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
СІМ ресми мәлімдеме жасады
ҚР сыртқы істер министрлігі бұл оқиғадан хабардар екенін және жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын растады.
«Қазақстан сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде біздің азаматымыздың қатысуымен болған оқиғадан хабардар. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар болған жайттың егжей-тегжейін анықтап, жергілікті құзыретті органдармен байланыста отыр. Қосымша ақпарат ресми мәліметтердің түсуіне қарай беріледі», – деп хабарлады ведомстводан.
Қазір дәрігерлер отандасымыздың өмірін аман алып қалу үшін күресіп жатыр. Қазақстан дипломаттары оқиғаның барысын бақылауда ұстауда.