Шымкенттік оқушыға әлемдік университеттер таласып жатыр
Шымкенттегі №2 мамандандырылған үш тілде білім беретін мектеп-интернатының түлегі Дастан Рақыманберді әлемнің 74 университетінен шақырту алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
IELTS-ТАН 7,0 БАЛЛ ЖИНАҒАН
Ресми мәлімет Шымкент әкімдігінің Instagram парақшасында жарияланды. Мәлім болғандай, Дастан АҚШ жоғары оқу орындарына түсуге арналған SAT емтиханынан 1480 балл, ал ағылшын тілінен халықаралық IELTS тестінен 7,0 балл жинаған.
“Дастан бүгінде әлемнің 12 еліндегі 74 беделді жоғары оқу орнынан ресми шақырту алып отыр”, – делінген әкімдік ақпаратында.
IT САЛАСЫНДА ДА НӘТИЖЕСІ ЖОҒАРЫ
Мектеп оқушысы IT саласынан да қара жаяу емес. Ол халықаралық және республика деңгейіндегі 15-тен астам хакатонда жүлде алған. Соның ішінде NASA ұйымдастырған жарыстағы жоғары нәтижені айта кетуге болады.
Оқумен қатар ол қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады.