Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында бойжеткен көз жұмды
Шымкентте 23 жастағы Сәния Жұбанышева уақытша ұстау изоляторында қайтыс болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бойжеткен кәмелетке толмаған жасөспірімді жаралады деген күдікке ілінген. Алайда оның адвокатының айтуынша, тергеу Сәнияның өз нұсқасын тыңдамаған. Адвокат Мұхаммад Алиосманоглу әріптесімен бірге жуырда Сәния Жұбанышеваның қорғаушысы ретінде іске кіріскен. Ол қыз ұсталған сәттегі оқиғаларды айтып берді. Сөзінше, 2 мамыр күні таңсәріде Сәния Аслан есімді танысының үйінде қонақта болған. Үйде бір топ жастар жиналған. Адвокаттың сөзінше, жігіттер қызды өз еркінен тыс жақын қатынасқа көндірмек болған. Сәния олардың қолынан сытылып шығып, далаға қашып кеткен. Қауіпсіздігіне алаңдап, құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды сұраған.
Осы кезде жігіттер де үйден шығып, өзара жанжалдаса бастаған. Сәния болған жағдайды телефонға түсіріп тұрған. Адвокат жариялаған видеода қатысушылардың бірінің қолында пышақ бары көрінеді. Сондай-ақ кадр сыртында қазақ тілінде: «Бауыздамай кетпеймін» деген сөз естіледі.
Полиция оқиға орнына келген кезде үйде пышақ жарақатын алған жасөспірім болған. Мұхаммад Алиосманоглуның айтуынша, тергеу Сәнияның зорлау әрекеті туралы арызын тексерудің орнына, оны қылмысқа қатысы бар деген нұсқаға басымдық берген.
“Неліктен бойжеткеннің өзін зорламақ болғаны және сексуалдық қысым көрсетілгені туралы мәлімдемесі назардан тыс қалды? Неліктен ер адамдар арасындағы қарулы жанжал түсірілген видео ескерілмейді? Неліктен жәбірленушіні айыпталушыға айналдыруға тырысып жатыр? Кешіріңіздер, бірақ оны қамаудың не қажеті бар еді? Не үшін? Бұл қыз ондай әрекет жасаған жоқ. Оның кінәсіз екенін дәлелдеу үшін міндетті түрде өлуі керек пе еді? – дейді адвокат.
Сәнияға қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша іс қозғалған.
Адвокат тергеуді асығыс қорытынды жасамауға шақырып, судьядан оны қамауға алмауды сұраған. Соған қарамастан, Сания уақытша ұстау изоляторына қамалған. Арада екі аптаға жуық уақыт өткенде ол сол жерде өзіне қол жұмсаған.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, бойжеткен кәмелетке толмаған жасөспірімнің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған. Тергеу дерегіне сәйкес, 2 мамырға қараған түні қыз ойын-сауық орнынан кейін танысының үйіне барған. Ол жерде үй иесінің кәмелетке толмаған інісі мен қарындасы, сондай-ақ достары болған. Жауап алынған куәгерлердің айтуынша, қыз бен жасөспірім арасында сөзден жанжал туындап, соның барысында бойжеткен “көпшіліктің көзінше оған пышақпен сұғып жарақат салған”.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілген. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілген. Сол күні күдікті полицияға жеткізілген. Сараптама оның мас күйде болғанын растаған. Денесінен ешқандай жарақат анықталмаған.
«12 мамыр күні, яғни ұсталғаннан кейін он күн өткен соң, тергеудегі қыз өзіне қатысты заңсыз әрекеттер жасалғанын мәлімдеді. Тексеру аясында үйде болған барлық адамнан жауап алынды. Куәгерлердің сөзінше, айтылған уәждер расталмады. Соған қарамастан, күдіктінің барлық мәлімдемесі мен іс мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тексеріліп жатыр», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Шымкент қаласының тергеу сотының қаулысымен күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
«15 мамырға қараған түні камерада отырған бойжеткен бірге қамауда отырған әйелдерге денсаулығының нашарлағанын айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ол камерада өз бетінше көп мөлшерде жүрек ауруын емдеуге арналған, камералас әйелге тиесілі дәрі-дәрмектерді ішіп қойған. Күдікті шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан кейін көз жұмды», – деп хабарлады полиция.
Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі – дәріден улану. Сонымен бірге суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.