Жаңалықтар

Шымкентте тікелей эфирде 3 қыз балағат сөз айтты: оларға қандай жаза тағайындалды

Тікелей эфирге қатысушылардың кім екені анықталды.

Шымкентте әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған үш қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың екеуі бес тәулікке қамауға алынса, үшіншісіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті бұзу белгілері бар бейнежазбаны анықтаған. Тікелей эфир кезінде үш қыз бейәдеп сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік көрсеткен.

Полиция тікелей эфирге қатысқан қыздардың жеке басын анықтады

Полиция қызметкерлері бейнежазбаны тексеріп, тікелей эфирге қатысушылардың кім екенін анықтаған.

Олар Шымкент қаласының үш тұрғыны болып шықты:

  • 19 жастағы Жанерке Қалдыхан;
  • 18 жастағы Балжан Өтарбаева;
  • 20 жастағы Камила Бекжан.

Полиция мәліметінше, қыздар тікелей эфир барысында былапыт сөздер қолданып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан және қоғамдық тәртіпті бұзған.

Осыған байланысты үшеуі де ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, Камила Бекжанға қатысты тыйым салынған орында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін де шара қолданылған.

Екі қыз бес тәулікке қамалды, үшіншісіне айыппұл салынды

Іс материалдары сотта қаралып, құқық бұзушыларға әкімшілік жаза тағайындалды.

Сот шешіміне сәйкес, 18 жастағы Балжан Өтарбаева мен 19 жастағы Жанерке Қалдыхан бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал 20 жастағы Камила Бекжанға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция әлеуметтік желі қолданушыларына қоғамдық тәртіпті сақтау талаптары интернет кеңістігінде де қолданылатынын ескертті. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, көпшілікке қолжетімді тікелей эфирлерде балағат сөздер айту, айналадағыларға құрметсіздік көрсету және қоғамдық тәртіпті бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Құқық қорғау органдары азаматтарды әлеуметтік желілерде әдеп нормаларын сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button