Без рубрикиЖаңалықтар

Щучинскідегі өрттен қаза болғандардың отбасылары қандай төлемақы алды

11 адамның өмірін жалмаған Щучинскідегі алапат өрттен кейін бір жарым ай өтті. Соған сәйкес зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасылары қанша көлемде өтемақы алғанын Ақмола облысының әкімдігі айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

ОҚИҒА ҚАШАН БОЛДЫ

Щучинскідегі “Палау орталығы” дәмханасындағы қайғылы оқиға 2026 жылғы 26 ақпанда кешкі уақытта болды. Өрттен кейін бірден жеті адамның қаза тапқаны хабарланды: бес адам оқиға орнында мерт болса, тағы екеуі жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Қайғылы жағдайдан кейін Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов БАҚ өкілдеріне оқиға салдарынан 28 адам зардап шеккенін, жеті адам қаза тапқанын, олардың арасында кәмелетке толмаған бір бала бар екенін айтты.

Әкім сол кезде қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілетінін хабарлаған болатын. Журналистермен кездесуде Садықов әкімдік жерлеу рәсімдерін ұйымдастырып, қаралы жиынға келген туыстарын орналастыру мен сүйемелдеуді қамтамасыз еткенін мәлімдеді.

Кейін қаза тапқандар саны артып, 3 наурызда 9 адамға, 11 наурызда – он бір адамға жетті.

Оқиға фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі “Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бап санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

БАСҚАРМА БӨЛІСКЕН МӘЛІМЕТ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайғылы оқиға салдарынан 28 адам зардап шегіп, оның 11-і қаза тапты, көбісі әртүрлі дәрежеде күйік алған.

Зардап шеккен 17 адамның 8-і амбулаториялық ем алды, бес адам санавиациямен Астанаға, тағы төртеуі Көкшетаудағы облыстық ауруханаға жеткізілді.

Қазір зардап шеккен алты адам ем қабылдауды жалғастыруда: үшеуі – Астанада, үшеуі – Көкшетауда.

“Қазір жансақтау бөлімінде пациенттер жоқ”, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

БЕРІЛГЕН ТӨЛЕМАҚЫ

Еске сала кетейік, қайғылы оқиғадан кейін Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов қаза тапқандардың отбасыларына екі миллион теңге көлемінде, ал зардап шеккендерге бір миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек төленетінін айтқан еді.

Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта төлемдер толықтай жүргізілді. Қаражат үш көзден бөлінген:

  • әкімдіктен жалпы сомасы 30 миллион 200 мың теңге;
  • “Палау орталығынан” жалпы сомасы 43 миллион 777 мың теңге;
  • бизнес өкілдерінен жалпы сомасы 10 миллион 219 мың теңге.

Төлемдердің жалпы сомасы 84 миллион 113 мың теңге болды.

“Бурабай ауданының әкімдігі мен қайғылы оқиға болған дәмхана иесі тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына бірден 2 миллион теңгеден төленді. Сонымен қатар жерлеуге қатысты барлық шығын, соның ішінде қаза тапқандардың бірін тасымалдау шығыны өтелді”, – деп нақтылады Бурабай ауданының әкімдігі.

Back to top button