TOP-2Жаңалықтар

Шоты бұғатталған борышкерге күнделікті қажеттілігіне ақша қалдырылуы керек – депутат

Қарызы бар азаматтарға негізгі қажеттіліктеріне қажетті қаражатына қолжетімділікті сақтау ұсынылды.

Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов шоттары бұғатталған жағдайда борышкерлердің қаражатының бір бөлігін сақтап қалуды ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

1,5 миллионнан астам қазақстандықтың шоты бұғатталған

Ол бұл ұсынысты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Депутаттың сөзінше, азаматтардың банктегі шоттарына қолжетімділігін шектеу – бүгінде өзекті мәселелердің бірі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 90 күннен астам мерзімі өткен проблемалық кредиттердің көлемі 2 триллион теңгеге жуықтаған. Ал 1,5 миллионнан астам қазақстандықтың шотына тыйым салынып, бұғатталған.

«Адамның қолын байлап қойып, одан жүгіруді қалай талап етеміз?»

Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов азаматтардың алған қарызын қайтаруға міндетті екенін атап өтті. Алайда қазіргі таңда төлемдердің басым бөлігі цифрлық форматта жүзеге асырылатынын ескеру қажет екенін айтты.

«Әрине, азамат алған қарызын қайтаруға міндетті, бірақ бүгінде төлемдердің басым бөлігі цифрлық форматта жүзеге асырылатынын ескерсек, шотына шектеу қойылған адам бұдан кейін қалай өмір сүреді? Ол жол ақысын, байланыс қызметін, су, электр энергиясы мен жылу ақысын қалай төлейді? Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті қалай сатып алады? Адамның қолын байлап қойып, одан жүгіруді қалай талап ете аламыз?» – деді Алмас Мұхаметов.

Депутат кредиттік шартта борышкердің өмір сүруіне қажетті ең төменгі қаражат көлемін сақтап қалу мүмкіндігін міндетті түрде қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, бұл тәртіпті банк жүйелері арқылы автоматты түрде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып, банк шотына шектеу қойылған жағдайда негізгі қажеттіліктерге арналған қаражатты пайдалану тәртібін нақты белгілеу қажет екенін айтты.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button