Қазақстанда шетелден көлік әкелу және оны тіркеу тәртібі өзгереді. «Атамекен» палатасы алаңындағы кездесуде мамандар өзі үшін және сату үшін әкелінетін көліктерге қандай талаптар қойылатынын түсіндірді. Биыл 22 қыркүйектен бастап көлікті өзі пайдалану үшін әкелетін азаматтар кедендік рәсімдеу аяқталғанға дейін утильалымды төлеп, оны растайтын сертификат алуға міндетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Олар көлік әкелу, кедендік рәсімдеу және мемлекеттік тіркеу талаптарын талқылады. Кездесуде көлік импортына қойылатын негізгі талаптардың бұрыннан қолданыста болғаны айтылды. Қазір өзара байланысты нормативтік актілер сәйкестендіріліп, рәсімдер бірізге түсіріліп жатыр.
Жеке пайдалануға және сату үшін әкелінетін көлік қалай рәсімделеді
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, кедендік рәсімдеу тәртібі көліктің қандай мақсатпен әкелінетініне байланысты. Жеке тұлға автокөлікті өзі пайдалану үшін әкелсе, жолаушыларға арналған кедендік декларация толтырады. Кедендік төлемдер Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасында белгіленген бірыңғай мөлшерлемелер бойынша есептеледі. Үш жылдан аспаған көліктер үшін төлем мөлшерлемесі көліктің құнына байланысты. Ал үш жылдан асқан көліктерде қозғалтқыштың жұмыс көлемі мен шығарылғанына неше жыл болғаны ескеріледі.

Көлік кәсіпкерлік мақсатпен, атап айтқанда кейін сату үшін әкелінсе, тауарларға арналған декларация қолданылады. Бұл жағдайда жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға кедендік алым, импорттық кеден бажы және қосылған құн салығын төлейді. Қозғалтқышының көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдерге акциз де салынады.
Көлік министрлігі жеке пайдалануға әкелінетін жекелеген көлік құралдарының экологиялық класына қатысты талаптарды таныстырды. Түсіндіргендеріне қарағанда мұндай көліктер «Еуро-5» немесе одан жоғары стандартқа сай болуы және шығарылғанына бес жылдан аспауы керек.
Бұл талапты шетелден әкелінген көлікті Қазақстанда алғаш рет пайдалануға жіберу кезінде қолдану көзделген. Елде бұрын тіркелген автомобильдерге ол таралмайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі электрондық паспорт рәсімдеу талаптарын да түсіндірді. Жеке тұлғалар үшін бұл құжат шығарылғанына бес жылдан аспаған көліктерге беріледі. Электрондық паспорттар жүйесінде бір жеке тұлғаның жыл ішінде жеке пайдалануға бір көлік әкелуіне қатысты шектеу қарастырылған.
Электрондық паспорт рәсімделгенде көлік иесі туралы мәлімет жолаушыларға арналған кедендік декларацияда көрсетілген декларанттың деректерімен салыстырылады. Құжатты алу үшін азамат белгіленген тәртіппен сынақ зертханасына жүгінеді.
Утильалымды қашан төлеу керек
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, утильалымның мөлшері өзгермеген. Оны төлеудің негізгі тетігі де сақталған: импорттаушы операторға өтінім береді, құжаттар қаралғаннан кейін төлем есептеліп, шот ұсынылады. Төлем жасалған соң тиісті сертификат беріледі. Алайда жеке тұлғалар үшін сертификатты алу мерзіміне қатысты талап бекітілген. 2026 жылы 22 қыркүйектен бастап утильалым төленгенін растайтын сертификатты кедендік рәсімдеу аяқталғанға дейін, яғни автомобиль еркін айналымға шығарылғанға дейін алу қажет.

Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін бұрынғы мерзім сақталады. Олар сертификатты көлікті алғаш тіркегенге дейін, ал автомобиль оған дейін сатылатын болса, сату алдында алуға міндетті. Кездесуде шетелден әкелінетін көліктердің тарихын тексеру мәселесі де көтерілді. Қазақстанның автомобиль одағының өкілдері басқа елде іздеуде жүрген немесе кепілге қойылған машинаны сатып алу қаупіне назар аударды.
Одақтың мәліметінше, азаматтардың көліктің проблемалық тарихын сатып алғаннан кейін ғана білген жағдайлары бар. Мұндай автомобильді иесінен алып қоюы мүмкін немесе оны еркін пайдалануға және сатуға кедергі туындайды. Сондықтан сатып алушы үшін машинаның бағасымен бірге оның шығу тегі мен құқықтық мәртебесін алдын ала тексеру де маңызды.
Қазақстанның автомобиль одағы келтірген дерек бойынша, елдегі шамамен 5,6 млн автомобильдің 44 пайызының пайдаланылғанына 20 жылдан асқан. Талқыланған шаралардың мақсаты ретінде автопаркті жаңарту, ескірген көліктердің импортын шектеу және әкелу рәсімдерінің ашықтығын арттыру аталды.
Сарапшы не дейді
Экономист Андрей Чеботарёвтың айтуынша, осы тақырып төңірегінде «бәсекені тұншықтыру» туралы даурықпа сөз көп. Сарапшы ешкім бәсекені тұншықтырып жатқан жоқ деп есептейді. Сөзінше, әңгіме бір ғана мәселе – бәріне бірдей ереже қолдану туралы болып отыр.

«Енді тәртіп мынадай. Жеке тұлға көлікті өзі үшін әкелсе, жолаушылар кедендік декларациясын тапсырып, ЕАЭО-ның бірыңғай мөлшерлемелері бойынша төлем жасайды. Ал көлікті қайта сату үшін жеке кәсіпкер немесе компания әкелсе, тауарларға арналған декларация тапсыруы керек. Мұндай жағдайда кедендік алым, әкелу бажы, ҚҚС толық төленеді. Қозғалтқышының көлемі 3 литрден асатын көліктер үшін бұған акциз де қосылады. Автокөліктер кейін сату мақсатында тұрақты түрде партиялармен әкелінсе, бұл – кәсіпкерлік қызмет. Әбден қисынды. Демек, мұндай қызметке де кез келген ресми бизнеске қолданылатын тәртіппен салық салынуға тиіс», – дейді ол.
Сарапшы жеке мақсатта көлік әкелу қарапайым азаматтың кейпіне еніп, салықтар мен кедендік төлемдерден жалтарудың амал-шарғысына айналмауы керек деп санайды. Әйтпесе, біреуі барлық міндетті төлемді төлейді, ал екіншісі дәл сол тауарды жеке пайдалануға арналғандай етіп әкеліп, төлемейді. Сарапшы бұл – бәсеке емес, заңды айналып өту арқылы жасалған жасанды артықшылық деп есептейді.
«Жеке мақсатта әкелінгендей көрсетілетін коммерциялық ағынды тоқтату үшін қарапайым шектеу енгізілді: бір жеке тұлға жылына бір автокөліктен артық әкеле алмайды. Оның үстіне көлік бес жылдан ескі болмауға және «Еуро-5» не одан жоғары экологиялық стандартқа сай келуге тиіс. Өзіңізге көлік әкелгіңіз келсе – мархабат. Ал ондаған көлікті «өзім үшін» деп әкелуге енді болмайды. Неліктен ескі-құсқы көлікті тіпті өзің үшін де әкелуге болмайтынын түсіндірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Елдегі шамамен 5,6 млн автокөліктің 44%-ға жуығына 20 жылдан асқан. Автопаркті жаңарту – жолдағы қауіпсіздік пен экология мәселесі. Ашық импорт дегеніміз – көліктің қайдан келгені белгілі болуы. Адамдар көлікті сатып алғаннан кейін оның басқа елде іздеуде жүргенін немесе кепілде тұрғанын біліп қалмауы керек. Мұндай автокөлік тәркіленеді де, адам көліксіз әрі ақшасыз қалады. Тіпті сол көлікті сатып алу үшін алған несиесін өтеуге оны сата да алмайды», – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, ашық импорт сатып алушыға көліктің тарихын және оған қатысты құқықтық кедергілердің бар-жоғын алдын ала тексеруге мүмкіндік береді.