Шашу, бауырсақ тарату: астаналықтар LRT-нің ашылуын қалай атап өтті
Қала тұрғындары мен қонақтары Astana LRT туралы алуан пікір білдірді.
20 жыл күткен Astana LRT құрылысы аяқталып, демалыс күні іске қосылды. Қала тұрғындары мен қонақтары жүргізушісіз автоматты түрде жүретін пойызға отырып, қаланы шарлады. Tizgin.kz тілшісі әлеуметтік желілерде қала тұрғындары мен қонақтары жазған пікірлерге шолу жасады.
Қала тұрғындары Astana LRT туралы алуан пікір білдірді. Бірінің көңілінен шықса, енді бірі жолаушыларды сауатты болуға, кез келген тетікті басып, апаттық жағдай тудырмауды сұрады.
Семейден келген қала қонағы Astana LRT-нің ашылуымен құттықтап, өз қуанышымен бөлісіп, шашу шашып, тілек айтса, тағы бір жолаушы пойызға отырушыларға бауырсақ таратты.
«Семейден алып келген кәмпит. Семейден шашу болсын. Ал, құтты болсын. Берекесін берсін», – дейді қала қонағы.
Тағы бір қала тұрғыны Astana LRT өмірін жеңілдеткенін айтты.
«Жұмысқа баратын уақытымды, қаражатымды үнемдеуге көмектесті. Үйден станцияға дейін 5 минут қана жүремін. Ал станция мен жұмыстың арасы 1 минуттық қана жер. Жұмысқа бару уақыты – 20 минут. Мен бұрын таксимен 1200-1500 теңгеге барсам, автобуспен 40 минут жүретінмін», – дейді Threads қолданушысы Назерке.
Атабек есімді желі қолданушысы Astana LRT-нің ашылуы өзіне де, жұбайына да ыңғайлы болғанын айтты.
«Өз үйімізден ата-анамыздың подъезіне дейін барады. Оларға бала-шағамызды қалдыруға бара жатқанда қаламыздың табиғатына тамсанып, қарап отырамыз», – дейді ол.
Ал Динара есіпді әлеуммік желі қолданушы Astana LRT оған отырмайтындар үшін де пайдалы екенін жазды.
«Astana LRT қала тұрғындары үшін, тіпті оған отырмайтындар үшін де үлкен көмек болайын деп тұр. Адамдарға таксимен жүргеннен гөрі LRT-да жүрген жақсы. Сәйкесінше қалада көп кептеліс болмайды», – дейді ол.
Сондай-ақ, Айдын есімді желі қолданушысы өз қуанышымен бөлісті.
«Балабақшаға 2 автобуспен баратынмын. Бұл жолы LRT-мен 18 минутта жетіп алдым», – дейді ол.
Astana LRT-ға қатысты сын да айтылуда. Мысалы, пойыз тоқтаған кезде 30 секунд ішінде түсіп, ал күтіп тұрғандар сол 30 секунд ішінде кіріп үлгеруі керек.
Сондай-ақ, LRT халыққа қызмет көрсетуге сақадай сал болғанмен, халық бұл қызметті қолдануға дайын еместігін көрсеткен сәттер де болды. Мысалы, демалыс күні пойызға отырған жолаушы шұғыл түрде тоқтату тетігін басып, соның салдарынан 30 минут тоқтап қалуына себепші болған. Сол кезде бала-шаға жылап, кондиционер өшіп қалып, жолаушылар ыстықтап, шу болып кеткен.
CTS пойыз ішінде бақылау камералары бар екенін, ереже бұзған жағдайлар жазылып алынатынын және полиция қызметкерлеріне жолданатынын хабарлаған.
Наргүл есімді әлеуметтік желі қолданушысы LRT қаншалықты әдемі болса да, адамдар оған қамқор бола алмаса – бәрі бекер екенін жазды.

«LRT қандай еңбекпен салынса да, аялдамалары қаншалықты әдемі болса да, адамдардың өздері қоғамдық мүлікке қамқорлықпен қарай алмаса – бәрі бекер. Балалары орындыққа аяқпен шығып тұрған кезде ата-анасы мән бермей отыра бергені мені қынжылтады. Баласы орындықты былғап тұрған кезде анасы түк болмағандай отыра беруі дұрыс емес. Біздің қоғам үлкен айыппұл арқаламаса ештеңе түсінбейтін сияқты: түкірдің бе – айыппұл төлейсің, жерге қоқыс тастадың ба – айыппұл төлейсің», – дейді ол.
Бұған дейін CTS компаниясы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын өткізгенін жазған болатынбыз. Astana LRT туралы алғаш рет 2005 жылы айтыла бастаса, құрылысы 2011 жылы басталған болатын. Бастапқыда жобаны EXPO-2017 көрмесіне дейін аяқтау жоспарланған еді, кейін мерзім 2020 жылға шегерілді. Жемқорлыққа қатысты дау-дамай, қаржылық қиындықтар және мердігерлердің ауысуы салдарынан құрылыс көп жылға созылып кеткен. Компания басшысы Асылбек Дүйсебаев 20 жылдан астам уақыт күткен LRT қашан іске қосылатынын, бағасы қандай болатынын және осыған қатысты басқа да қызықты фактілерді айтқан болатын.