TOP-2Жаңалықтар

Шарджада қаза болған апалы-сіңлілі Бохановалардың денесін елге әкелінді

Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза болған Қазақстан азаматтары Ақжан және Жұлдыз Бохановалардың мәйіті елге әкеле жатыр. Оларды Қазақстанға қайтару жұмыстарын еліміздің Дубайдағы Бас консулдығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Tizgin.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстандық дипломаттар БАӘ билігімен байланыста

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, барлық қажетті рәсім аяқталғаннан кейін марқұмдардың мәйіті 28 тамызда Қазақстанға жөнелтілген.

Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың қандай жағдайда қаза болғанын Біріккен Араб Әмірліктерінің құқық қорғау органдары тергеп жатыр. Олардың өлім себебі мен іс бойынша өзге де деректер әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

Қазақстандық дипломаттар БАӘ прокуратурасымен және басқа да құзырлы органдармен тұрақты байланыста. Сыртқы істер министрлігі марқұмдардың отбасына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсету жалғасатынын мәлімдеді.

Шарджадағы қайғылы оқиға туралы не белгілі

Шарджа қаласында Қазақстанның екі азаматы қаза болғаны 25 тамызда белгілі болды. Марқұмдар туған апалы-сіңлілі — 22 жастағы Ақжан және 20 жастағы Жұлдыз Бохановалар еді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қыздар 2025 жылғы желтоқсанда жұмыс істеу үшін БАӘ-ге барған. Олар сұлулық саласында еңбек етіп, Шарджа қаласында тұрған.

Тамыз айының ортасында апалы-сіңлілі қыздар жақындарымен байланысқа шықпай қалған. Осыдан кейін туыстары Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығынан көмек сұраған. Кейін олардың мәйіті жалға алып тұрған пәтерінен табылған. Отбасы қыздар қыркүйектің басында елге оралады деп күткен. Бұл деректерді бұған дейін КТК телеарнасы хабарлаған еді.

Марқұмдардың әкесі туыстық байланысты растау және басқа да қажетті рәсімдерден өту үшін БАӘ-ге барған. Отбасы қыздардың мәйітін Қазақстанға жеткізу жұмыстарын жеделдетуді сұраған болатын. Сыртқы істер министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, қажетті құжаттар рәсімделіп, Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың мәйіті елге жөнелтілді.

Back to top button