TOP-2Оқиға

Шахтинскте жарылыс болып, сегіз адам жарақат алды

Шахтинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллоны жарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар оқиға орнына хабар түскеннен кейін төрт минут ішінде жетіп, өртті сөндіруге кіріскен. Олар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан бес тұрғынды сыртқа шығарған. Құтқарушылар келгенге дейін полиция қызметкерлері адамдарға подъезден шығуға көмектескен – тұрғындардың бірқатары өздері далаға шыққан.

Полицияның нақтылауынша, алдымен 102 желісіне газ иісі шыққаны туралы хабарлама түскен. Полиция қызметкерлері бірінші болып келіп, ТЖД қызметкерлерін шақырған. Сол сәтте газ жарылысы болған. Төтенше жағдай салдарынан сегіз адам зардап шекті, олардың бесеуі – полиция қызметкерлері. Барлығы ауруханаға жеткізілді, ал эвакуацияланғандар үшін сыртта жылыту пункті ұйымдастырылып, ТЖМ-нің вахталық көлігі жеткізілді.

ТЖМ күштері өрт 40 шаршы метр аумақта толық сөндірген.

Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. ТЖД басшысының жетекшілігімен өрт сөндіру штабы құрылды.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факт бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция қызметкерлері қашуға әрекеттенген 40 жастағы ер адамды ұстаған. Қазір ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасына жатқызылып, күзетке алынған. Сауығып шыққаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалады.

Тергеу жүргізіліп жатыр.

Back to top button