TOP-2Экономика

Шағын бизнеске 200 млн теңгеге дейін беріледі: «Іскер аймақ» бағдарламасы жаңартылды

Қазақстанда шағын бизнесті субсидиялау шарттары өзгерді

Қазақстанда микро және шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасының талаптары жаңартылды. Жаңа ережелер Үкіметтің 2026 жылдың 18 тамызындағы қаулысымен бекітілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бағдарламаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры іске асырады. Кәсіпкерлер инвестициялық мақсатқа немесе айналым қаражатын толықтыруға 200 млн теңгеге дейін қаржы ала алады.

Әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау күшейтілді

Енді әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары бағдарламаға салалық шектеусіз қатыса алады. Бірақ олардың қызметі әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде көрсетілген бағыттарға сәйкес келуі керек. Жобаның жүзеге асырылатын жері мен кәсіпкердің тіркелген өңірі де ескеріледі. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін несие сыйақысының 50 пайызы, ал қалған кәсіпкерлер үшін 40 пайызы субсидияланады. Кәсіпкер төлейтін мөлшерлеме кемінде 12,6 пайыз болады.

Өңір әкімдіктеріне басым қызмет бағыттарының қатарына қосымша алты экономикалық қызмет кодын енгізуге мүмкіндік берілді.

Инвестициялық жобаларда отандық өнімді пайдалану талабы да күшейтілді. Кәсіпкерлер жабдықты, техниканы, көлікті және құрылыс материалдарын арнайы тізілімге енген қазақстандық өндірушілерден сатып алуға тиіс. Қажетті тауар тізілімде болмаған жағдайда ғана басқа өндірушіні таңдауға рұқсат беріледі.

Жобаны жүзеге асыру мерзімі 24 айдан 18 айға дейін қысқартылды. Заңнамалық немесе кәсіпкерге байланысты емес техникалық және өндірістік кедергілер туындаса, бұл мерзім тағы алты айға ұзартылуы мүмкін.

Өтінім бес жұмыс күнінде қаралады

Бұған дейін банктер мен лизингтік компанияларға арнайы лимит бөлінетін. Жаңа тәртіп бойынша кәсіпкер «Даму» қорының серіктес банктерінің немесе лизингтік компанияларының кез келгеніне жүгіне алады.

Банк қаржыландыруды мақұлдағаннан кейін жоба «Даму» қорына жіберіледі. Қор субсидия беру туралы шешімді бес жұмыс күні ішінде қабылдайды. Өтінім мақұлданса, кәсіпкер, банк немесе лизингтік компания және «Даму» қоры арасында үшжақты шарт жасалады.

Қордың шешімімен келіспеген кәсіпкер оған әкімшілік немесе сот тәртібімен шағымдана алады.

Бағдарламаның негізгі шарттары:

  • қатысушылар – микро және шағын бизнес, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен әлеуметтік кәсіпкерлер;
  • қаржыландыру көлемі – 200 млн теңгеге дейін;
  • мақсаты – инвестиция салу және айналым қаражатын толықтыру;
  • номиналды мөлшерлеме – Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі плюс 4 пайыз;
  • субсидиялау мерзімі – үш жылға дейін.

Өтінім беру үшін кәсіпкер «Даму» қорының серіктес банкіне немесе лизингтік компаниясына жүгінуі қажет. Кеңесті Қордың өңірлік филиалдарынан, мобильді фронт-офистерінен немесе 1408 байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Back to top button