TOP-2Тергеу

Шағымдарымыз бар – сот алдында Нұрайдың ағасы Бас прокурорға жүгінді

Кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай іс жөнінде тың ақпараттарды жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ол бір емес, екі адвокат істе жәбірленуші тарапты қорғайтынын айтты. Іспен танысқанын да жеткізді.

“19 том – әрқайсысы 180 беттен тұрады. Фото және видео материалдар. Сол іске байланысты шағымдарымыз бар. Оларды Шымкент қалалық прокуратураға жіберген болатынбыз. Сол шағымдарды Бас прокурор Берік Асылов мырза өз бақылауына алса дейміз. Ол шағымдардың дұрыс қаралмауы алдағы сот барысының дұрыс жүргізілуіне әсерін тигізеді”, – дейді Сұлтан Серікбай.

Шымкентте кісі қолынан мерт болған Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдікті симуляция жасап, өзін психикалық ауытқуы бар адам ретінде көрсетіп жатыр деп есептейтінін бұған дейін айтқан еді.

Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған. Қыздың ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.

Ал 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Back to top button