Жаңалықтар
Оңтүстік Кореядағы құрылыс алаңында Қазақстан азаматы көз жұмды
Сеуль қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында Қазақстан азаматы ажал құшты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға қалай болды
Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігі мәліметінше, шамамен 30 жастағы қазақстандық азамат ғимараттың 23-қабатындағы пәтерлердің бірінде тазалық жұмыстарының басталуын күтіп отырған.
Осы кезде бетон төбенің бір бөлігі опырылып түсіп, ер адамды басып қалған. Алған жарақатынан ол оқиға орнында жан тапсырды.
Жұмыстар уақытша тоқтатылды
Оқиғадан соң нысандағы жұмыстар уақытша тоқтатылды. Қазір полиция мен Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігі қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Сыртқы істер министрлігі азаматтың қаза болғанын растады. Қазақстандық дипломаттары марқұмның туыстарымен байланысқа шығып, қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр.