«Центр плова Loft» кафесіндегі жарылыс: тағы екі адам ұсталды
Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде болған өрт салдарынан екі және одан да көп адамның өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ПРОКУРАТУРА МӘЛІМЕТІ
Қазір мұнымен Ақмола облысының прокурорлары айналысуда. Бас прокуратура мәліметінше, биыл 20 сәуірде арнайы прокурорлар автогаз құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізушіні қолға түсірді. Олар газ баллондарын толтырып, жеткізу кезінде заңнамалық талаптарды бұзғаны үшін күдікке ілінді.
Күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-тармағы бойынша сараланып отыр (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне немесе ауыр зардаптарға әкеп соқтырған, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қызметтер көрсету). Аталған бап санкциясы бойынша күдіктілерге 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – делінген мәліметте.
КҮДІКТІНІҢ БІРІ ҮЙҚАМАҚҚА АЛЫНДЫ
Күдіктілердің біріне сот шешімімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, екіншісіне үйқамақ түріндегі шара қолданылды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
ҚПК 201-бабына сәйкес, басқа мән-жайлар жария етуге жатпайды.