$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Сенаттан кеткен Әшімбаев қазір не істеп жүргенін айтты

Сенат төрағасы болған Мәулен Әшімбаев саяси сахнадан кетіп көрінбей жүрген. Бүгін ол әлеуметтік желіге жазба жариялап, қазір халықаралық бір бағытта жауапты міндетті атқаратынын мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әшімбаев қазір қайда жүр

Бұл сұраққа саясаткердің өзі жауап беріп, қызметіндегі өзгерістер туралы мәлім етті. Өзінің сөзінше, Әшімбаев халықаралық және гуманитарлық бағытқа ауысқан. Каирдегі әл-Азһар университетінің жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебтің жеке шақыруымен ол шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы үшін» беделді сыйлығының халықаралық қазылар алқасы құрамына қосылған.

БАӘ-де жұмыс істейтін қазылар алқасы әлемдегі бейбітшілік пен дінаралық келісімді нығайтуға үлес қосқан мемлекет пен қоғам қайраткерлерін, құқық қорғаушылар мен қоғамдық ұйымдарды іріктейді.

Қазылар құрамында тағы кімдер бар

2027 жылғы қазылар алқасы құрамында Әшімбаев Португалияның бұрынғы президенті Марселу Ребелу де Соуза және Ирактың экс-президенті Бархам Салехпен бірге жұмыс істейді.

Саясаткердің сөзінше, жаңа қызметі Қазақстанның бейбітшілік, диалог және дінаралық келісім саласындағы тәжірибесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Мәулен Әшімбаевтің өмірбаяны

Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтің саяси жолы академиялық және сараптамалық тәжірибемен тығыз байланысты. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, кейін АҚШ-тағы Тафтс университетінің Флетчер мектебін тәмамдаған, саяси ғылымдардың кандидаты. Бір кездегі президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын (ҚСЗИ) басқарған.

Әр жылдары ол Парламент мәжілісінің депутаты, ақпарат және қоғамдық даму министрі, сондай-ақ Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Бұл лауазымдарда ақпараттық саясат, азаматтық қоғамды дамыту және заң шығару жүйесін жетілдіру мәселелерімен айналысты.

Сенат тараған соң Мәулен Әшімбаев “вице-президент болады” немесе “Халық кеңесін басқарады” деген түрлі болжамдар айтылған. Алайда бұл қызметтерге Әшімбаев барған жоқ.

Back to top button