TOP-2Тергеу

Сауле Жұбаниязованың адвокаты істі прокурорға қайтарып, жаңа сараптама тағайындауды сұрады

ОСИ төрайымы Сауле Жұбаниязоваға қатысты фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына байланысты қаралып жатқан іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында елеулі процессуалдық заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Адвокат Дәурен Еслямбекұлы соттан қосымша құрылыс-техникалық сараптама тағайындауды сұрап, оның қорғауындағы азаматшаның ғимараттағы қауіпті ақауларды дер кезінде анықтап, опырылудың алдын алуға мүмкіндігі болған-болмағанын анықтауды өтінді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Алты айдан астам уақыт куәгер болды»

Адвокаттың айтуынша, Жұбаниязова сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алты айдан астам уақыт куәгер мәртебесінде болған. Тек тергеу аяқталарға жақын ғана ол күдікті деп танылып, өзіне елден кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Көп ұзамай қылмыстық іс сотқа жолданған.

Қорғаушының пікірінше, іс материалдары Жұбаниязованың нақты қай уақытта өзіне күдік келтірілгенін білгенін, қылмыстық құқық бұзушылықтың құқықтық саралануы қашан түсіндірілгенін және толыққанды заң көмегін пайдалану мүмкіндігі қай кезден бастап берілгенін нақты анықтауға мүмкіндік бермейді.

«Мәселе жекелеген құжаттардың жоқтығында емес, Жұбаниязованың қорғану құқығына тікелей әсер ететін мән-жайлардың жиынтығында. Ол алты айдан астам уақыт куәгер болды және тергеудің соңына қарай ғана күдікті деп танылды. Сонымен қатар, қорғаушы тарапта күдіктің нақты қай кезде туындағанын айқындайтын тиісті рәсімделген материалдар жоқ. Оған айыптың құқықтық саралануы қашан түсіндірілгенін және қорғаушының іске нақты қай уақытта кіріскенін анықтау қажет. Екі қорғаушы да іске тек сот талқылауы кезеңінде ғана қосылды. Сол уақытқа дейін көптеген процессуалдық әрекеттер жүргізіліп қойған болатын. Сондықтан Жұбаниязоваға өз құқығын нақты қорғауға мүмкіндік берілді ме, әлде адвокаттың қатысуы тек формальды түрде қамтамасыз етілді ме – соны анықтау қажет», – деді Еслямбекұлы.

Осы жағдайларды тексеру үшін адвокат соттан Жұбаниязова мен оның қорғаушысының Астана қаласы Полиция департаменті ғимаратына кіріп-шығу уақыты туралы мәліметтерді сұратуды өтінді. Атап айтқанда, кіруді бақылау жүйесі мен келушілерді тіркеу деректері қажет. Қорғаушының пікірінше, бұл мәліметтер олардың полиция ғимаратында нақты қанша уақыт болғанын процессуалдық әрекеттердің жүргізілген уақытымен салыстыруға мүмкіндік береді.

Егер сот бұл заңбұзушылықтарды елеулі әрі сот талқылауы барысында жою мүмкін емес деп таныса, қорғаушы қылмыстық істі прокурорға қайтаруды сұрайды. Сонымен қатар адвокат, егер жеткілікті әрі заңды дәлелдемелер жиынтығы болмаса, сот ақтау үкімін шығару мәселесін де қарауы тиіс екенін айтты.

Жұбаниязова ақауларды анықтап, опырылудың алдын ала алар ма еді?

Қорғаушы тараптың екінші уәжі опырылудың нақты себептеріне қатысты.

Адвокат сот құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысына сүйене отырып, төтенше жағдайға ғимараттың конструктивтік ақаулары мен сыртқы көпқабатты кірпіш қабырғаларын қалау технологиясының бұзылуының жиынтығы себеп болғанын айтты.

Анықталған кемшіліктердің қатарында:

  • жоба бойынша қарастырылған монолитті темірбетон белдеулердің болмауы;
  • арматуралық торлар мен қаптама қабатының бекітілуіндегі ақаулар;
  • жіктердің сапасыз толтырылуы;
  • кірпіш қабаттарының арасындағы қуыстар мен саңылаулар;
  • жобалық және құрылыс талаптарының басқа да бұзушылықтары көрсетілген.

Қорғаушы 2017 жылдың өзінде қабырғалардың түйіскен жерлерінде жарықтар мен қаптама қабатының жергілікті бұзылуы тіркелгеніне де назар аударды.

«Жұбаниязова қауіпті ақаудың бар екенін қалай білуі керек болғанын анықтау қажет. Ол оны өз бетінше анықтай алар ма еді? Мамандандырылған ұйымды тарту қажет болды ма және ОСИ-де оған қажетті қаражат болды ма? Бұл үшін меншік иелерінің жалпы жиналысының шешімі керек пе еді? Жұбаниязова өзінде болған уақыт ішінде қажетті жұмыстарды ұйымдастыра алар ма еді? Ең бастысы – нақты қандай да бір әрекеттер жасалған жағдайда опырылудың алдын алуға болар ма еді? Алғашқы сараптама қираудың себептері мен механизмін анықтады, алайда біздің қорғауымыздағы азаматшаның әрекеттеріне қылмыстық-құқықтық баға беру үшін маңызды сұрақтарға жауап берген жоқ. Осы мән-жайлар анықталмайынша, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының міндетті белгілерінің бар-жоғын анықтау мүмкін емес», – деді адвокат.

Осыған байланысты қорғаушы қосымша сот құрылыс-техникалық сараптамасын тағайындауды сұрап отыр.

Сарапшыларға мынадай сұрақтарды қою ұсынылды:

  • 2025 жылғы мамырға дейін қандай ақаулар болған?
  • Олардың қайсысы жобалау және құрылыс кезеңінде пайда болған?
  • Бұл ақаулар жасырын болды ма?
  • Арнайы құрылыс білімі жоқ адам оларды қарапайым көзбен шолу кезінде анықтай алар ма еді?
  • Ғимаратқа аспаптық тексеру жүргізу қажет болды ма?
  • Опырылудың алдын алу үшін қандай нақты жұмыстар атқарылуы тиіс еді?
  • Ғимаратты тексеру, жобалау және конструкцияларды күшейту үшін объективті түрде қанша уақыт қажет болар еді?

Қорғаушы көтерген негізгі мәселелердің бірі – Жұбаниязова ОСИ төрайымы қызметіне кіріскен сәттен бастап 2025 жылғы 8 қарашаға дейін қажетті іс-шаралардың толық кешенін орындау техникалық тұрғыдан мүмкін болды ма деген сұрақ.

Сонымен қатар адвокат сарапшылардан опырылу Жұбаниязованың әрекеті немесе әрекетсіздігіне қарамастан, бұрыннан болған конструктивтік және құрылыс-монтаж ақауларының салдарынан орын алуы мүмкін бе және оның нақты әрекетсіздігі мен ғимараттың опырылуы арасында тікелей себеп-салдарлық байланысты техникалық тұрғыдан анықтауға бола ма деген мәселелерге де жауап беруді сұрады.

Back to top button