Жаңалықтар

Сауд Арабиясында бангладештік ер адам мен әйел өлім жазасына кесілді

Сауд Арабиясында Бангладеш азаматтары Назрул Ислам Абдул Башир мен Свити Ахтарға шығарылған өлім үкімі 14 қазанда орындалған. Бангладеш билігі сот ісі мен жазаның орындалуы туралы алдын ала хабар алмағанын мәлімдеп, Сауд Арабиясынан түсініктеме сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz The Daily Star басылымына сілтеме жасап.

Қандай айып тағылған

The Daily Star Бангладештің Сауд Арабиясындағы дипломатиялық миссиясынан түскен мәліметке сүйеніп, екі азаматқа Меккедегі мешітте зина жасады деген айып тағылғанын жазды. Бангладеш Сыртқы істер министрлігі 18 қазанда Сауд Арабиясының елшісінен түсініктеме сұраған.

Алайда кейін жарияланған консулдық құжатта бастапқы айыптарға қатысты өзге мәлімет келтірілген. The Business Standard басылымының хабарлауынша, Назрул 2023 жылғы 1 тамызда киберқылмыс туралы заңды бұзды деген күдікпен, ал Свити келесі күні зина жасау күдігімен ұсталған.

Құжатта олардың нақты қандай әрекеті айыптауға негіз болғаны көрсетілмеген. Сот үкімдері мен дәлелдер де берілмеген. Сондықтан өлім жазасының нақты құқықтық негізі әзірге толық анық емес. Консулдық Сауд Арабиясынан сот шешімдерінің көшірмелері мен іс жүргізу туралы мәліметтерді сұратқан. tbsnews.net

Туыстары «жас жұбайлар» туралы ақпаратты жоққа шығарды

Әлеуметтік желіде ер адам мен әйелді умраға барған жас жұбайлар деп таныстырған жазбалар тараған. Олардың маңдайдан сүйгені үшін жазаланғаны туралы да болжам айтылған. Алайда бұл мәліметтер расталмаған.

The Business Standard тілшілеріне Назрулдың анасы Рахима Бегум ұлының үйленбегенін және отбасы Свитиді танымайтынын айтқан. Туыстарының мәліметінше, Назрул Сауд Арабиясына 2022 жылғы қарашада жұмыс істеуге барып, Меккеде тазалықшы болған. Анасы ұлының араб тілін білмегенін, өз ұстанымын жеткізуде қиындық көргенін айтып, оған жеткілікті құқықтық көмек көрсетілмеді деп есептейді. Бұл – отбасының мәлімдемесі.

Ал консулдықтың құжатында екі отбасының да заң көмегін сұрап өтініш бермегені жазылған. Сонымен бірге құжат олардың сотта адвокатпен немесе аудармашымен қамтамасыз етілгенін анықтауға мүмкіндік бермейді. Бангладеш тарапы істің толық мән-жайын білу үшін Сауд Арабиясының ресми жауабын күтіп отыр.

Back to top button