Тергеу

Сарбазды тепкілеген әскери қызметкерге үкім шықты

Ақтөбе гарнизоны әскери соты ҚР Ұлттық ұланының 5548 әскери бөлімінде қызмет ететін старшинаға билікті асыра пайдаланғаны үшін 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Tizgin.kz ult.kz-ке сілтеме жасап.

СОТТАЛУШЫ АЙЫБЫН МОЙЫНДАМАДЫ

Қылмыстық іс Ақтөбе гарнизоны әскери сотында қаралды. ҚР Ұлттық ұланы 5548 әскери бөлімінің екінші жедел мақсаттағы батальоны 5 жедел мақсаттағы ротасының старшинасына Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігімен айып тағылды. Яғни билікті асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Іс материалына сүйенсек, оқиға биыл қаңтар айында болады.

Сотталушы С.Қасымов Жаңаөзен қаласында орналасқан ҚР Ұлттық Ұланы 5548 әскери бөлімінің төртінші ротасы орналасқан ғимарат ішінде жеке құрамды сапқа тұрғызады. Кейін “шайқас” пәрменін беріп, балағат сөздер айтып, жаттығу жасап жатқан мерзімді әскери қызметшінің қабырға тұсынан үш рет тебеді. Сол кезде әскери қызметшінің жетінші қабырғасы сынған.

Сотталушы тағылған айыпты мойындамады. Ол бесінші рота әскери қызметшілерінің өзара дауласып, таласып жатқанын көріп, сапқа тұрғызғанын, өзінің ұрмағанын айтты. Тіпті жәбірленуші жала жауып отырғанын жеткізді. Ал жәбірленуші болса, алғашында бәрін жасырған, арада екі апта өткенде қан түкірген. Терең демалғанда қабырғасы ауырып, фельдшерге барады. Анасына да хабар берген. Осы аралықта бұл жайт әскери бөлім командиріне жетіп, әскери-тергеу басқармасы қызметкерлері тергеу жүргізеді.

ЖАЗАСЫН ҚАЙДА ӨТЕЙДІ

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, оқиға болған бөлменің кіреберісіне бейнебақылау камерасы орнатылғанымен, жазба жүргізілмеген. Себебі бірер ай бұрын өзге қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп, жазбаны алуға мүмкіндік болмады.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді. Сонымен бірге жәбірленушінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, 700 000 теңге моралдық зиян, 900 000 теңге өкіл қызметіне жұмсалған сот шығыны өндірілді.

Back to top button