Салт-дәстүр және бірегейлік: қазақ халқының мәдени коды қандай

Қазақ халқы – терең тарихы, бай мәдениеті және ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше рухани құндылықтар жүйесі бар халық. Оның дүниетанымы көшпелі өмір салтымен, табиғатпен, елін, жерін, тілін, ұлттық болмысын сақтап қалумен тығыз байланысты. Tizgin.kz порталы бұл мақалада осы тақырыпқа үңіліп көрді.
Рухани құндылықтар – ұлттық сананың негізі
Қазақ мәдениетінің өзегінде әрқашан адам және оның адамгершілік қасиеттері тұрған. Үлкенге құрмет, қонақжайлылық, ар-намыс, ұят, мейірімділік сияқты ұғымдар ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Әсіресе “ұят” ұғымы – адамның қоғамдағы мінез-құлқын реттейтін ішкі моральдық бақылау ретінде ерекше орын алады.
Қазақ халқы бірлік пен ынтымақты жоғары бағалайды. Қиын кезеңдерде халық өзара көмектің және ортақ жауапкершіліктің арқасында аман қалған. Бұл құндылықтар бүгінгі күні де өз маңызын жоймай, қоғамдағы қарым-қатынастың негізін құрайды.
“Бірлік бар жерде – тірлік бар”, “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, “Бірлік болмай, тірлік болмас”, “Ырыс алды – ынтымақ”, “Көптің күші – бірлікте” сияқты қазақтың қанатты сөздері де бекер айтылмаса керек.
Бесік – адамның өмір жолы басталатын қасиетті кеңістік
Қазақ халқының салт-дәстүрлері — жай ғана рәсімдер емес, өмірлік құндылықтарды жеткізетін тәрбиелік жүйе. Олар адамның дүниеге келген сәтінен бастап, өмірінің соңына дейін бірге жүреді.
Мысалы, “Бесікке салу” дәстүрі — бұл тек нәрестені бесікке бөлеу емес, қазақ халқының дүниетанымын бейнелейтін терең символикалық мәнге ие рәсім.
Бұл дәстүрдің негізінде қамқорлық, сабақтастық және өмірді қорғау идеясы жатыр. Бесік тек тұрмыстық бұйым емес, ол — адамның өмір жолы басталатын қасиетті кеңістік ретінде қабылданады. Нәресте өмірінің алғашқы күндерінен бастап оған тек ата-анасы ғана емес, бүкіл туыс, үлкендер, әулет әйелдері қамқорлық жасайды.
Рәсімді әдетте сыйлы, тәжірибелі әйел орындайды. Бұл — ұрпақтан ұрпаққа өмірлік тәжірибе мен даналықтың берілуінің белгісі. Осы арқылы бала өз әулетіне, дәстүріне, халқының мәдени кеңістігіне “қабылданады”.
Бесік нәрестеге қорғаныш, тұрақтылық, ырғақ сезімін береді. Бұл көшпелі өмір философиясымен үндеседі: үнемі қозғалыста болса да, адам ішкі тепе-теңдігін сақтауға ұмтылады.
Сондай-ақ, “бесікке салу” тазалық пен тәртіптілік идеясын қамтиды — физикалық та, рухани да. Бесікте өскен бала сабырлы, ұстамды, жинақы болады деген сенім болған.
“Бесікке салу” дәстүрі туралы қазақтың көрнекті ақыны, ағартушысы Мағжан Жұмабаев “Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер. Бесікке салу – сол тәрбиенің ең алғашқы, ең нәзік кезеңі” деп жазған.
Бұл дәстүр – махаббат пен бата туралы. Баланы бесікке бөлеген кезде жақсы тілектер айтылып, бата беріледі. Осы сәтие баланың болашақ тағдырына қатысты ол өз тамырын құрметтейтін, елге сыйлы азамат болып өседі символикалық негіз қаланады.
Осылайша, “бесікке салу” философиясы – бұл өмірдің бастау философиясы, онда қамқорлық, дәстүр, руханият және болашаққа деген сенім тоғысады.
”Тұсау кесу” дәстүрінде таңдау және жауапкершілік идеялары бар
Осы орайда “тұсау кесу” дәстүрін де атап өтуге болады. “Тұсау кесу” – қазақ халқының ең маңызды әрі мағыналы салт-дәстүрлерінің бірі. Бұл рәсім бала еңбектеп жүріп, алғашқы қадамдарын жасай бастағанда өткізіледі. Оның басты мәні – баланың өмір жолы ашық, жүрісі жеңіл, қадамы нық болсын деген тілек.
Дәстүр бойынша, баланың екі аяғын ала жіппен немесе кейде майлы ішекпен, көк шөппен байлайды. Ала жіптің өзіндік терең философиясы бар: ол “біреудің ала жібін аттама” деген ұғыммен байланысты. Яғни бала адал, әділ, ешкімге қиянат жасамайтын адам болып өссін деген ниет жатыр.
Тұсауды кез келген адам емес, елге сыйлы, жүрісі шапшаң, өмірде жетістікке жеткен, абыройлы жан кеседі. Бұл – “бала сол адамға ұқсасын, жолы ашық болсын” деген сенімнің белгісі. Тұсау кесілген соң, балаға “жүре бер, қадамың құтты болсын” деп ақ тілектер айтылады, шашу шашылып, қуаныш тойға ұласады.
Бұл дәстүрдің философиясында өмір жолы, таңдау мүмкіндігі және жауапкершілік идеялары жатыр. Баланың алғашқы қадамы – оның болашақ өмірінің символы. Қазақ халқы осы сәтті ерекше мәнмен атап өтіп, баланың тағдырына жақсы ниетпен бағыт береді.
Сонымен қатар, “тұсау кесу” – тек жеке отбасының емес, бүкіл қауымның қуанышы. Бұл арқылы бала қоғамның бір мүшесі ретінде қабылданып, оған деген ортақ жауапкершілік сезімі қалыптасады.
Қазақ халқының рухани құндылықтары, тарихы, салт-дәстүрлері мен бірегейлігі — қазіргі қоғамның берік іргетасы.
Бұл құндылықтар ел ішіндегі бірлікті нығайтып қана қоймай, Қазақстанды әлемге бай мәдениеті мен терең рухани тамыры бар мемлекет ретінде танытады.