Әділетхан Молдахан сотында полицияның экс-басшысы жауап берді
Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы кезінде алдымен әкімшілік полицияның экс-басшысы Серік Шумаевтан жауап алынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЭКС-БАСШЫНЫҢ АЙТҚАНЫ
Ол Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бері 27 жыл жұмыс істеп, әкімшілік полиция басқармасының басшысы лауазымына дейін жеткенін тізбелеп шықты.
«Қызметтік міндетіме патрульдік полицияның жұмысын ұйымдастыру кіреді. Әл-Фараби даңғылында жол апаты 20 наурыздан 21 наурызға қараған түні болды. Бұл туралы маған кезекші инспектор хабарлады. Сағат 4:00 шамасында оқиға орнына барып, мән-жайымен таныстым. Одан кейін үйге қайтып кеттім. Бірнеше күннен кейін Әділетхан Молдахан жариялаған бейнежазба тарай бастады. Онда айтылғанның барлығы маған қатысы жоқ және орынсыз деп санаймын», – деді ол.
ШУМАЕВ ПЕН МОЛДАХАННЫҢ ТАНЫСТЫҒЫ
Бұдан бөлек, ол ауқатты адамдардың балаларына қорған болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын алға тартты.
«Ешқандай «золотая молодежді» қорғаштамадым. Бізде Ішкі қауіпсіздік қызметі бар. Өз тарапымнан заңбұзушылық болса, осы уақытқа шейін жауапқа тартылатын едім», – деді Шумаев.
Жәбірленші Әділетхан Молдаханды жеке танымайтынын, тек блогер ретінде білгенін атап өтті.
«Сізге қандай нұқсан келді» деген сауалға жауап берген Серік Шумаев аталған оқиға төңірегінде туындаған резонанстан соң жұмыстан кетуге мәжбүр болып, қазір жұмыссыз отырғанын мәлімдеді.