Атырау облысында бұршақ жауу салдарынан 1,2 мыңнан астам мал қырылды
Малдың жаппай қырылуына ауа райының күрт нашарлауы себеп болған.
Атырау облысында болған қатты бұршақ салдарынан 1 200-ден астам ұсақ мал қырылды. Бұл туралы Tizgin.kz порталы 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жылыой ауданында табиғи апаттан 11 шаруа қожалығы зардап шеккен. Мал Құлсары қаласынан шамамен 120 шақырым қашықтағы жайылымдарда болған.
Сала мамандарының айтуынша, малдың жаппай қырылуына ауа райының күрт нашарлауы себеп болған. Оған қоса, малдың бұршақ пен суықтан қорғанысы әлсіз болуы да жағдайды ушықтырған, себебі олар бұған дейін қырқылып қойылған еді.
«1 238 бас мал қырылды. Қырылған малдар ветеринар мамандар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сол жерде жойылды. Ерекше қауіпті аурулар анықталмағандықтан, өтемақы төлеу қарастырылмаған», – деді Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы Сайран Гуднан.